Венгрия Бас Консулы кәсіпкерлер палатасының жетекшілігімен жүздесті

196
фото ШКП

 

Венгрия Республикасының Бас Консулы Саболч Карой Cёке және консулдықтың коммерциялық атташесі Тибор Иштван Ковач Шымкент қаласына келді. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында мәртебелі қонақтарды Өңірлік кеңестің Төрағасы Қайрат Молдасейітов, Палата директоры Сабира Адамбекова, директордың орынбасары Мақсат Өткелбаев күтіп алды.

Кездесуде Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара байланыс, оның ішінде іскерлік әріптестік жайы талқыланды.

Сабира Адамбекова палатаның жұмысы туралы қонақтарға қысқаша баяндап, таныстырып өтті.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Үкімет пен бизнестің арасындағы көпір қызметін атқарады. Біз кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқығын қорғаймыз, шағын және орта бизнестің қалыпты дамуы бағытында жұмыс істейміз. Палата өңірдегі барлық инвестициялық жобаларды сүйемелдейді және бұл жұмыстар жергілікті әкімдік, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті сияқты құзырлы-бақылау органдарымен тығыз байланыста атқарылады. Жалпы, Шымкентте инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Ал салалық кеңестер аясында түрлі мәселелерді талқылап, мемлекеттік органдармен ақылдасып отырамыз», – деді Сабира Адамбекова.

Қонақтар Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуы мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайлы сұрады, жергілікті компаниялардың Венгрияға инвестиция құю мүмкіндіктері туралы білді.

Оған қоса мәдениет және білім беру салаларындағы әріптестікті дамыту туралы сөз болды. Атап айтқанда Бас Консул Саболч Карой Cёке венгриялық джаз-бендтің Шымкентте өнер көрсетуіне қызығушылық танытса, коммерциялық атташе Тибор Иштван Ковач мырза Қазақстан студенттерінде Венгрияда тегін оқуға мүмкіндік бар екенін айтып, енді венгер жастарының Қазақстанда оқуына жағдай жасауға ықпал етуді сұрады.

Сонымен қатар тараптар жақын арада онлайн форматтағы В2В кездесу ұйымдастыруды талқылады.