13 жасар баланы қағып кетті деген көлік иесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Түлкібас ауданында 13 жасар баланы «қағып кеткен» көліктің тізгінінде болған жүргізуші арнамызға жүгінді. Сөзінше, ол бұл оқиғаға өзін кінәлі санамайды. Жағдайдың қалай болғанын баяндап берген Нұрлыбек Мүсіровтің айтуынша велосипед мінген балалар жолдың өтуге рұқсат етілмеген тұсынан кенеттен шығып, көліктің оң жағынан келіп соғылған. Бала қақты деген көліктің иесі 20 мамыр күні оқиға болған сәтте жедел жәрдем мен полицияны өзі шақырғанын, медицина көлігіне балалардың өз аяғымен жүріп барғанын айтады.

Нұрлыбек Мүсіров, Сайрам ауданының тұрғыны: «Басты жолда келе жатқанымда үш бала велосипедпен жарысып келе жатып, біреуі тоқтады, екеуі келіп, менің оң жақ қанатыма келіп соғысты. Мен басты жолда келе жатырмын, олар қосымша жолдан келіп қосылды, тоқтай алмады. Біреуі велосипеді қалды, ары қарай ұшып кетті. Екінші бала велосипедпен үстіне құлады. Қарсы бағыттағы машиналардың бәрі көрді. Мен тормозды басып, қарсы бағыттағы жолдың шетіне барып тоқтадым. Бала велосипедімен бірге құлады, құлаған кезде жолдың шетіндегі тасқа тиіп, басы жарылды».

Нұрлыбек Мүсіровтің айтуынша апат орын алған уақытта көлікте екі туысы болған. қажет болса, оқиғаны өз көзімен көрген екеу жол апатының қалай болғанын айтып бере алады екен. Ал апатқа ұшыраған автокөлік әлі айып тұрағында. Иесі сол күні полиция қызметкері «балаларды қағып кеткенің үшін» деп 148 мың айыппұл салғанын айтады. Ол өзінің хаттамамен келіспейтінін айтып, прокуратураға арыз жазыпты. Ал ақ халаттылар баланың 9 күн көлемінде бауыр жарақаты, оң жақ қабырғаларының сынуы, бас ми шайқалуы диагнозымен стационарлық ем алғанын айтады.

Жансұлу Ақылбаева, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының басшы орынбасары: «29 мамыр күні науқас қанағаттанарлық жағдайда Түлкібас аудандық орталық ауруханасынан үйіне шығарылды. 25 маусым Түлкібас аудандық ауруханасының травматолог дәрігері науқасқа қайта қарап, рентген түсірілді. Рентгенде науқаста асқыну жоқ, ұсыныстар берілді».