Түркістанда Корейлік университеттің филиалын ашу жұмыстары басталды

1

Түркістанда 70 жылдық тарихы бар корейлік университеттің филиалы ашылады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасымен кездесіп, келісімге қол қойды. Облыс әкімі оқу ордасының құрылысын ертерек аяқтап, жұмысқа кірісеміз дейді.

Түркістанда корейлік «Woosong» университетінің филиалын ашу жұмыстары басталады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды 70 жылдық тарихы бар оқу ордасының құрметті төрағасымен кездесіп, келісімге қол қойды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл жоба бойынша біз тиісті шаралардың бәрін өткізіп қойдық. Осы жақын арада құрылысты жалғастырамыз. Жылдың соңында немесе келесі жылдың басында аяқтап қаламыз. Ертерек бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Себебі әрі қарай лицензия алу керек, дайындалу керек»

«Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сун Кюн өңір басшысына алғысын жеткізді. Ол Түркістандағы университетте бәсекеге қабілетті студенттерді дайындауға бар жағдайды жасаймыз дейді.

Ким Сун Кюн, «Woosong» білім беру қорының құрметті төрағасы: ««Woosong» университеті 30 жылдан бері шетелдің студенттерін қабылдап, білім беруде. Біз өз тарапымыздан Түркістандағы университетті Орталық Азиядағы көшбасшы оқу орындарының біріне айналдыруға бар күшімізді саламыз. Студенттеріміздің бәсекеге қабілетті, білімді болуына барлық жағдайды жасаймыз»

Кездесуде университетті ашу бағытындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қос тарап бұл жоба бойынша тұрақты түрде ақылдасып тұруға уағдаласты.