Азаматтық альянс: тренингтің берері көп

48

Елімізде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты бойынша «ҮЕҰ Академиясы» жобасы іске асырылып жатыр. Осы мақсатта «Қазақстанның барлық аймақтарындағы үкіметтік емес ұйымдарда ұйымдастырушылық дамыту, қаржылық және жобалық басқару бойынша негізгі курс» бағдарламасы қолға алынған.

Шымкент қаласының Азаматтық альянсы 2023-жылдан бастап еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде (Шымкент, Түркістан қалалары, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстары) осы бағдарламаны ұйымдастырып, өткізуде Алматыдағы «Азаматтық бастама орталығы» үкіметтік емес ұйымының серіктесі болып келеді.

Биыл бізге еліміздің батыс өңірлеріндегі үкіметтік емес ұйымдарды базалық курспен қамту міндеттелді. Алайда ол аймақтарда орын алған су тасқынына байланысты біз барлық тренингтерді тоқтатуға мәжбүр болдық.

26–28 ақпан аралығында Шымкент қаласы Азаматтық альянсының ғимаратында офлайн-тренингтер өткізілді. Тренингтің соңғы күнінде Тараз қаласынан ҮЕҰ-дардың 28 өкілі арнайы келіп қатысып, өздерінің алдағы жұмысына қажетті ақпараттар алды. Тренинг 29-ақпанда да жалғасты, қатысушыларға «зум» жүйесі арқылы онлайн түрде вебинар өткізілді.

Қатысушылар көшбасшылық, команда құру, стратегиялық және қаржылық жоспарлау, жобаларды басқару бойынша біліктіліктерін арттырды. Курс бағдарламасы сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың миссиясын, олардың құқықтық негіздерін, қоғамдық ұйымдағы іс жүргізуді, адам ресурстарын басқару және корпоративтік мәдениетті құру негіздерін, маркетингтік коммуникацияларды қамтыды. ҮЕҰ қаржылық қызметі, PR, SMM, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік гранттық қаржыландыру саласындағы жобалық есеп беру және басқа да жайлар түсіндірілді.

Тренингтерді жергілікті тренерлер (Юсуп Арзыханов – Шымкент қаласы Азаматтық альянсының атқарушы директоры, Сара Имбарова – ресурстық орталық басшысы, халықаралық дәрежедегі тренер, Нұрдәулет Нақмұхамедов – альянс үйлестірушісі, Анар Ізден – Қызылорда қаласынан) және көршілес Өзбекстан мен Тәжікстаннан арнайы шақыртылған халықаралық дәрежедегі тренерлер (Лола Абдусалямова, Марат Рахимов, Дамира Тухтасынова, Нуриддин Каршибоев) өткізді.

Қызылорда облысында тренингтер 26-сәуірде өткізілді.

Жалпы, ұйымдастырылып, өткізілген іс-шаралар жөнінде «Инстаграм», «Тик-ток», «Фейсбук» әлеуметтік желілерінде жарияланды. Олар «Инстаграмда» — 2500-ден, «Тик-токта» — 3900-ден аса, «Фейсбукте» 500-дей қаралымды қамтыды. Шымкенттен шығатын газеттерде бірнеше мақала жарияланды.

Тренингтердің қатысушыларға бергені мол болды. Осы орайда аталған тренингтерге қатысу арқылы өзінің біліктілігін арттырған әріптестеріміздің алғашқы жетістіктері де көңіл қуантады.

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ тапсырысы бойынша өткізілген Zhas Project байқауынан грант ұтып алған әріптесіміз Мөлдір Жарылқаптың есімін мақтанышпен атай аламыз. Жас маман жобасын аталған тренингтерде алған білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып жасады. Ол халқымыздың ертегілері негізінде ертегі терапиясы бағдарламасын жасау жобасын ұсынған. Мөлдірдің ұтқан грант қаражаты ұлттық ертегі кейіпкерлерін жасауға жұмсалады.

Zhas Project байқауына Түркістан және Маңғыстау облыстарынан 318 өтінім түскен еді. Осының ішінде Шымкенттен 20 грант иегері анықталды.

Әріптесіміз М.Жарылқаптың арнайы санаттағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ертегі терапиясын алдағы уақытта қаламыздағы «IamBala» үкіметтік емес ұйымы қолданысқа енгізеді.

…Шымкент қаласы Азаматтық альянсының үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға қатысты жүргізіп жатқан жұмыстарының аралық нәтижелері осындай. Бұл бағытта атқарылатын шаруалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Д. ОРАЗ