Өз ісінің адамы

176

Адамгершілік. Парасаттылық. Беріктік. Адалдық. Бүгінде екінің бірінің бойынан мұндай қасиеттерді кездестіре бермейсің. Ал мен тұла бойы осы бір жақсы қасиеттерге тұнып тұрған, жүрегі жұмсақ, жомарт жанды білемін. Ол – Шәріпбек Жамалбек.

ӨМІРДЕРЕК

Жамалбек Шәріпбек Жамалбекұлы 1949 жылы 10 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданының Шаян ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Боралдай ауылындағы С.Ерубаев атындағы орта мектепті тәмамдаған. Білімі-жоғары. Еңбек жолын 1966 жылы қатардағы жұмысшы-құрылысшыдан бастайды. 1968 жылы Қарағанды кооператив институтына түседі. Оқу орнын 1972 жылы аяқтаған соң арнайы жолдамамен Алғабас аудандық тұтынушылар одағына қызметке тұрып, жоспарлау бөлімінің бастығы болды. 1973 жылы маусым айынан аудандық тұтынушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, 1975 жылдың қаңтар айынан 1976 жылдың қазан айына дейін «Жамбыл» совхоз-жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.
1976 жылдың қазан айынан бастап, 1986 жылдың қазан айына дейін Алғабас (қазіргі Бәйдібек) аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, 1986 жылдың қазан айынан 1990 жылдың мамыр айына дейін Жетісай аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, 1990-1997ж.ж. Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар одағы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, 1997 жылдың қыркүйек айынан 2009 жылдың қаңтар айына дейін басқарма төрағасы, 2009 жылдың қаңтар айынан 2009 жылдың тамыз айына дейін «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2009 жылдың қыркүйек айынан «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы төрағасы болып, 2013 жылдың қазан айынан қоғамдық негізде қызмет атқарған. Қосымша 2013 жылғы желтоқсан айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті болып істеді. 2014 жылдың ақпан айынан «Сымбат» ЖШС директоры, 2017 жылдың қыркүйек айына дейін және 2015 жылдың сәуір айынан Оңтүстік Қазақстан облыстық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы болды. Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жанындағы тәртіптік кейін әдеп кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатындағы экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның (IV, V, VI шақырылымындағы) төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссияның, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңестерінің мүшесі болып келді одан өзге, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігі (қазір Түркестан облысы) жанындағы үкіметтік емес ұйымдар жұмысын үйлестіру кеңесінің мүшесі болған.

ІС ЖАЛҒАСТЫРУШЫ

Естеріңізде болса, ертеректе мектеп қабырғасында «Жеке тұлғаның тарихтағы рөлі» деген міндетті тақырыпта ашық сабақтар өткізілетін. Жылдар өте қоғамда ұжымның рөлі зор екенін түсіндім. Бірақ, жеке тұлғаның салмағы одан да ауыр екен. Жеке тұлға деген ол – ұйымдастырушы, бағыт сілтеуші және артынан ергендерге үлгі боларлық жан. Менің іс жалғастырушым, ізімді басып келе жатқан Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек дәл сондай тұлға. Жұмыстан қашпайтын, еңбексүйгіштігінің арқасында ол талай белестерді бағындырды. Және оның еңбегі елусіз қалған емес. Бүгінде ол Мақтаарал, Бәйдібек аудандарының, Шымкент қаласының және Түркістан облысының құрметті азаматы. Облыстың экономикасының, халықтың тұрмыс дәрежесінің көтерілуіне бір кісідей атсалысып, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласқаны үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» 2 мәрте марапатталған. «Нұр Отан» ХДП құрмет грамотасын, «Нұр Отан» ХДП-ның «Белсенді қызметі үшін» төс белгісін, В.И.Лениннің 100 жылдығы медалін алған. ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығы медальімен, Парламенттің 10 жылдығы, Астана қаласының 10 жылдығы және 20 жылдығы медальдарымен, Құрмет орденімен, Кеңестер одағы тұтыну кооперациясының үздігі медальімен, «Атамекен» медалі және Қазақстан тұтыну одағы мен Облыстық тұтыну одағы грамоталарымен бірнеше рет марапатталған. Облыстық мәслихаттың грамотасымен және «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 2017 жылы «Қазақстан – Түркия достығын және ынтымақтастығын дамытқаны үшін» медальін, 2018 жылы «Парасат» орденін алған.

ЖЕМІСТІ БАСТАМА

Дәл осы тұста оқырмандарға «Азаматтық Альянс» жайлы айта кетсем деймін. Оның негізі 2003 жылы қаланған. «Кемел» клубының жетекшісі ретінде мен ҚР І-ші Азаматтық форумына қатыстым. Бұл жиыннан түйгенім көп болды. Мәселен, Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы. Яғни, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін ұйымдардың ғана асығы алшысынан түсіп, қалғандары өз жүктерін өздері сүйрейтінін түсіндім. Бұдан шығатын жол бірігу еді. Осылайша облыстық үкіметтік емес ұйымдардың ассоциациясы құрылды. Бірақ ол өзінің жұмысын ақтамады. Өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешу мен түрлі жобаларды іске асыруда алған тәжірибенің арқасында үкіметтік емес ұйымдар мен бизнестің күшін біріктіру керек деген идея туындады. Сөйтіп, күнгейде «ОҚО Азаматтық Альянсы» ассоциациясы құрылды. Одан соң мұндай ұйымдар еліміздегі басқа қалаларда да өз жұмысын бастады. Және бұл бастама жемісті болды.

ТҰҢҒЫШ ЖОБА

«ОҚО Азаматтық Альянстың» алғашқы жемісі – «түйіткілді сотқа дейін шешу» жобасы болды. Ұйымның тынымсыз жұмыстарының арқасында өңірде 15 медиатор жұмыс істей бастады. Оларды Санкт-Петербор университетінен келген мамандар арнайы дайындады. Нәтижесінде талай даулы іс сотқа жетпей өз шешімін тапты. Бәйдібектегі әйелдер көтерілісі соның бір айғағы. «Қайырымдылқ эстафетасы», «Таза қала», «Әлеуметтік жобалар мен идеялардың жәрмеңкесі» және тағысы тағы. Мұның барлығы азаматтық альянстың жобалары. Олар тек жоба ғана емес, өз нәтижесін беріп, талай жанға қолғабыс болған жүйелі, жемісті бастамалар. Біздің ұйым алдына қандай мақсат қоймасын оны орындап, нәтижесін көреді. Қаншама қиындықтар, қаншама уайым мен шаршаулар. Бірақ азаматтық альянстағылар берілмейді. Керісінше, жігерлене түседі. Алға ұмтылады. Жаңашылдық енгізуге тырысады. Әсіресе, жастарға қолдау көрсетіп-бағады. Және осындай тынымсыз, нәтижелі жұмыстардың артында Шәріпбек Жамалбек сынды мықты басшының тұрғанын атап кетпеске болмас. Себебі, қоғамдық жұмыстарда, әлеуметтік мәселелер мен қолдауға келгенде мықты басшының рөлі әрдайымда басым болмақ. Барлық мәселе басшының тез әрі дұрыс шешім қабылдай білуінде. Шәріпбек Жамалбек дәл сондай жан. Ол ешқашан қате шешім қабылдаған емес. Оның мықты идеялары мен мәселені көре білу, шеше білудегі қабілеті, ой жүйріктігі мен креативті көзқарасының арқасында бүгінде облыстық азаматтық альянстың жұмысы жанданып келеді.
Айта кетейік, бүгінде «Азаматтық Альянстың» құрамына оншақты бизнесмен мен үкіметтік емес ұйым кіреді.

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІ

10 шілде Шәріпбек Жамалбекұлының туған күні. Институт қабырғасында өзі оқыған экономика факультетінің комсомол комитетінің хатшысы, студенттер кеңесінің төрағасы, аудандық студенттер құрылыс отрядының командирі болған Шәріпбек өзінің кәсіби еңбек жолын Боралдай ауылындағы мектепте лаборанттықтан бастаған. Бүгінде Түркістан облыстық Азаматтық Альянсты басқарып отыр. 11 баланың арасынан шыққан әулеттің екінші ұлы. Анасы Мырзакүл Жүнісбекқызы. Әкесі Жамалбек Отыншыұлы. Құдай қосқан қосағы Баян сұлу Шектібайқызымен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп отырған ардақты әке.
Өз өмірін еңбекке, халқына қызмет етуге арнаған Шәріпбек Жамалбек бір туар азамат. Оған тек зор денсаулық, қажымас қайрат, кетпес дәулет тілейміз. Шаңырағы бақытқа, шаттыққа тола бергей. Қызметі жемісті болғай.
Мен осындай жанмен таныс болғаныма, онымен «майдандас» болғаныма шүкіршілік етемін. Туған күніңіз құтты болсын Шәке!

Клара АЛИПОВА,
«ОҚО Азаматтық Альянсының» бірінші президенті
Облыс пен Шымкенттің Құрметті азаматы

«Оңтүстік Рабат» №27, 3 шілде 2019 ж