Кентаулық оқушы ҰБТ-ден 138 балл жинады

48
фото Отырар.кз

Ұлттық бірыңғай тестілеуден Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Кентаулық жігіт Айдос Қожанов бірінші мүмкіндігінде 138 балл жинады. Көпбалалы отбасыдан шыққан оқушының арманы көп.

Кентаулық оқушы Айдос Қожанов еліміз бойынша ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинады. Ол 138 баллға қол жеткізіп, биылғы түлектер арасында рекордтық көрсеткішке ие болды. Ол бұған дейін дайындық кезінде 137 балл алған екен. Әкесінің жолын қуып ұстаз болуды арман еткен жігіт алғашында өз көзіме өзім сенбедім дейді.

«Ең басында жабу деген батырманы басқанда таңырқап қалдым. Бақылаушы апайлар да таңғалды. Бәрі біткен соң қайта ашып көрдім. Оңай тапсырмалардан қате кетіп қалыпты. Мысалы, Қазақстан тарихында Қазақ-Жоңғар шайқасы бойынша сұрақтан 1 балл жоғалтып алыппын. Математикадан 7 сыныптың есебін қате шығарып қойыппын. Кішкентай кезімнен өзімді мұғалім ретінде ғана көре аламын. Әкемнің жолын қуып, қазіргі таңда педагог-математика пәні мұғалімін таңдадым», — дейді Кентау қаласының тұрғыны Айдос Қожанов.

Мектеп түлегі 10-11 сынып оқушыларына арналған мектепте білім алған. Мұнда түсу үшін ол тест тапсырып, 100-ден аса баланың ішінде үздік шыққан. Осылайша, білім ордасында тегін оқыпты.

«Бүгінге дейін бізде оқыған 110 баламыз ҰБТ-ға қатысты. Оның 85-87 пайызы 100 баллдан асты. Ал, Айдос болса, біздің мақтанышымыз. Қазақстан бойынша рекорд қойды. Оқушымыз жылдың басынан бері жоғары балл жинап келе жатыр. Қашан да бірінші орында тұрды. Біз Айдостан үлкен үміт күттік. Үмітіміз ақталды», — дейді мектеп директоры Шахрух Кәрімжанов.

Бұл Айдостың тестілеудегі бірінші мүмкіндігі. 2 ғана баллдан қателескен оқушы араға 1 ай салып, бағын қайта сынап көрмек. Рекордтық көрсеткішке ие болған бала ендігі меже 140-қа жету дейді. Айта кетейік, ҰБТ 4 шілдеге дейін жалғасады.