Полиция жол апатын жасап, қашпақ болған мас жүргізушіні 2 минутта ұстады

фото ТО ПД

Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы көмегімен жол апатын жасап, оқиға орнынан бой тасаламақ болған жүргізуші дер кезінде анықталды.

Нақтырақ айтсақ, облыс орталығындағы С.Ерубаев пен Т.Нышанов көшесі қиылысында сағат 20:25 шамасында «Оpel» маркалы көлік «Matiz-ды» соғып, жол-көлік оқиғасы орын алған жерге тоқтамаған. Мұны бейнебақылау камерасын бақылап отырған инспектор байқап қалып, қашып бара жатқан көлікті ұстау бойынша Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыттама береді. Берілген ақпарат негізінде, сол аймаққа жақын полицейлер 2 минут ішінде аталған автокөлікті тоқтатып үлгерді.
Батальон қызметкерлері құқық бұзушы жүргізушіден мән-жайды сұрап, құжаттарын тексеру барысында, оның ішімдік ішіп, масаң халде көлік тізгіндегенін анықтады.
Нәтижесінде ер адамға жол-көлік оқиғасы орнынан кетіп қалғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Ал автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін жинақталған материалдар әкімшілік сотқа жолданды.
Айта кетсек, Жедел басқару орталығының инспекторлары Түркістан қаласы бойынша қоғамдық орындарға қойылған бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, зерделеу жұмыстарын үздіксіз атқаруда.