Шымкентте екі мың адамға арналған концерт орталығы ашылды

фото Отырар.кз

Шымкентте қала күні тойлануда. Бүгін шырайлы шаһардың мемлекеттік маңызға ие қала атағын алғанына 6 жыл толды. Айтулы күнге орай, мегаполисте ең үлкен концерттік орталық ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Бүгін шымкенттіктер қала күнін тойлауда. Осыдан 6 жыл бұрын шырайлы шаһар мемлекеттік маңызы бар қалалардың қатарына енді. Қызғалдақтай құлпырған қала тұрғындары үшін мегаполисте 19 маусым күні ең үлкен концерттік орталық ашылды. Салтанатты рәсімге қала әкімі қатысып, шаһар тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Құрметті қала тұрғындары, қадірлі қонақтар! Шырайлы шаһарымыздың шуақты мерекесі – қала күні құтты болсын! Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл мереке қаламыздың әрбір тұрғынының әрбір отбасының сүйікті мекеніне деген құрметі мен ыстық ықыласының белгісі деп білеміз. Осы мереке күнінде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Баянды бірлігіміз, ынтымаққа ұйыған тірлігіміз әрдайым табысты болсын! Шымқаламыз өркендеп, абыройы асқақтай берсін! Мереке құтты болсын!»

Мерекелік кеште түрлі салаларда қызмет ете жүріп, Шымшаһардың дамуына елеулі үлес қосқан жандарға, нақтырақ айтқанда 12 тұлғаға «Шымкент қаласының құрметті азаматы атағы» берілді.

Баян Жандосова, Шымкент қаласының құрметті азаматы: «Шымкент қалама өте ризамын! Біз өзіміз 1993 жылы келгенбіз, 31 жыл болыпты. Шымкент қаласына 220 жыл, статус алғанымызға 6 жыл. 40 жыл білім саласында, 10 жыл қоғамда жүргеннен кейін өзімнің кішкентай ғана үлесімді осы Шымкент қалама қостым деп ойлаймын. Еңбегімді бағалап жатыр, бәріне рахмет!»

Екі мыңнан астам адамға арналған концерттік зал – Шымқаладағы ең үлкен мәдени нысан. Мекемеде «Қазақ ұлт-аспаптар оркестрін» ашу жоспарланып отыр. Ол үшін тіпті арнайы кастинг те өткізіліген.

Нұрсат Бейсеқожаев, «Шымкент концерт» концерттік ұйымы директорының м.у.а: «Біздің негізгі мақсатымыз – 80 адамнан тұратын үлкен ұлт-аспаптар оркестрін құру. Өйткені Шымкент қаласының брендін қалыптастыруымыз қажет. Бұл Шымкенттегі ең үлкен салтанатты кешен, ең үлкен концерттік зал».

Қала күніне арналған мерекелік іс-шара аясында «Шымкент: Кеше. Бүгін. Ертең» тақырыбында көрме ұсынылды. Ал қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концертте елімізге белгілі жұлдыздар мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.