Шымкентте тәртіп сақшыларына 54 қызметтік көлік табысталды

фото ШПД

Шымкентте полиция қызметкерлері күні аталып өтті. Мерекеге орай, тәртіп сақшыларына 54 қызметтік көлік табысталды. Қаладағы үш мектепте балаларға арналған кадет сыныбы ашылды. Сондай-ақ, полиция департаментінде ерлікпен қаза тапқан 35 қызметкердің есімі жазылған мемориалдың ашылу салтанаты болды.

Бүгін Шымкенттегі №90 мектептің оқушылары алғаш рет полиция формасын киді. Жоғары сынып оқушылары арасында бірнеше ай бойы полиция мамандығын оқыту үшін іріктеу жүргізілді. Барлық сыннан сүрінбей өткендердің бірі 14 жастағы Айсана Тілеубай полиция қызметкері болуды армандайды.

Айсана Тілеубай, 8 сынып оқушысы: «Мен бұл сыныптың ашылғанына қуаныштымын! Мен бұл сыныпқа қалап түстім. Болашақта өзімнің ерлігімді көрсетіп, еліме қызмет еткім келеді».

Балаларды полиция қызметіне дайындайтын сынып үш мектепте ашылды. Бұл бірегей идея Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Тұрысбеков Зауытбек Қауысбекұлының бастамасымен, Ішкі істер министрі және қала әкімінің қолдауымен Қазақстан полициясы мерекесіне орай қала мектептерінде алғаш рет жүзеге асты. Жас сақшы сыныптарына қызмет бабында қылмыскерлердің қолынан қаза болған, батыр полицейлердің есімі берілді. Жиында Зауытбек Тұрысбековтың құттықтау хаты оқылды.

Бүгін Шымкентте полицейлер күні жоғары деңгейде аталып өтті. Мегаполистің бас тәртіп сақшысы Думан Таев әкімдіктен учаскелік қызметке арналған автокөліктерді қабылдап алды. Бүгін салтанатты түрде 34 патрульдік көлік табысталды.

Сонымен қатар, қалалық полиция департаменті ғимаратында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан 35 полицейдің есімдері жазылған мемориал ашылды. Жиынға марқұм болған полицейлердің жақындары қатысып, құран бағышталды.

Қазақстан полициясы қызметкерлерінің күніне орай өткізілген салтанатты рәсімде ерен еңбегі үшін бірқатар тәртіп сақшсына марапат берілсе, бірнеше үздік полицейдің қызметі жоғарылады. Қаланың бас полицейі Думан Таев өз қызметкерлерін, шымкенттік полицейлерді мақтан тұтатынын жеткізді.

Думан Таев, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы: «Ертең полиция қызметкері боламыз деген балаларға білім саласының мамандары сабақтарын, ал біз факультатив өткіземіз. Біз заңдарды, бұйрықтарды үйретеміз. Жеке құрам бар, басшылық бар, оларда сабақ өтеді. Ертең оқуға барғанда балалар бәрін біліп отырады. Бүгін 54 автокөлік тапсырылды. Бұның алдында 26 берілген, сонымен 70 пункт бар. Енді 100 пайыз автокөлік бар. Бұл көлік дегеніміз халыққа жақын болу, халықпен бірге істеу».

Шымкентте қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Құқық қорғау органдары 24/ 7 ел тыныштығы үшін қызмет етеді. Нәтижесінде бір жыл ішінде мыңдаған қылмыс ашылды. Нәтижелі жұмысқа орнатылған 4 мыңнан астам ақылды камералар да үлес қосып келеді.