Жарыстан жүлдесіз қайтпайтын спортшы полицей

22
фото ШПД

Ішкі істер саласында жұмысты да, отбасын да, спортты да қатар алып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарымыз жетерлік. Сондай жанның бірі – полиция майоры Дамир Ташанов. Кішкентайынан көшенің бұзақысы болуды емес, елінің мақтанышы болуды көздеді. Спортты жанына серік етіп, өз тегін әлемдік ареналарда айтқызып, көк байрақты көкте самғату үшін тер төкті. Алтын құрсақ анасын уайымға салмай, артынан ерген жалғыз бауырына үлгі болды. Өмірлік маңызы бар мамандық тандаудан да, жар тандаудан да қателеспеді.

Бүгінде оның ішкі істер саласында кызмет етіп келе жатканына 19 жыл. Осы уақыт аралығында Дамирдің жеткен жетістіктері де аз емес. Спорттың бірнеше түрімен қатар айналысады. Ол – ауыр атлетикадан спорт шебері. Пауэрлифтинг пен жатып сығымдаудан Казақстанның бес дүркін чемпионы. Сондай-ақ, 2019 жылы Қытайдың Чанду қаласында өткен полицейлер арасындағы Әлемдік ойында екі дүркін әлем чемпионы атағын алып, қазақтың Әнұранын шырқатты. 2022 жылы Голландияның Роттердам қаласында өткен полицейлер арасындағы Әлем чемпионатында зіл темір көтеру спортынан бақ сынап, жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлады. Министрдің арнайы қабылдауында болып, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қоскан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Темірдей төзім мен болаттай шымырлықты қажет ететін спорт саласында иемденген алтын медальдары мен кубоктары, мақтау грамоталары мен дипломдарының саны отыздан асады.
Қазіргі таңда Дамир Шымкент қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы лауазымында мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Полицейдің сөзінше, жеңіс тұғырының артында анасы Камиланың ақ батасы мен дұға-тілегі, келіншегі Гүлнәрдің таза махаббаты мен мықты демеуі тұр.