Тергеуге келген адамды қанша сағаттан артық ұстай алмайды? Тергеу барысында азапталған адамдар қайда шағымдана алады? Азаптағандар қанша жылға сотталады? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының басшысы Данияр Сағындықов жауап берді.
– Ең алдымен қаламызда құзырлы органдардың тергеу кезінде азаматтарды азаптау бойынша статистикасын айтсаңыз?
– Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру мақсатында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, азаптау істерін тергеп-тексеру прокуратураға жүктелген болатын. 2023 жылы 12 айында осы бойынша 12 арыз түскен. Оның ішінде тек 2 арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған. 10 арыз номенклатуралық іске жолданған. Ал 2024 жылдың 5 айында ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген. 8 арыз түскен, оның бәрі бойынша алдын-ала тексеру жұмысы жүргізіліп, дәлел болмаған соң номенклатуралық іске жолданған. 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала прокурорының нұсқауымен алгоритм жасалған. Сол алгоритмге сәйкес азаматтар құқық қорғау органына жеткізілген немесе ұсталған кезде ол адамнан кезекші прокурорлар міндетті түрде түсініктеме, жауап алады. Сол кезде құқық қорғау орган қызметкерлері тарапынан азаптау немесе қысым көрсету фактілері болды ма, болмады ма деп сұрайды. Егер адам қамалса, мерзімін ұзартатын кезде тағы жауап алады, сотқа жіберерде де жауап алынады. Осы кездің бәрі бейнекамераға түсіріледі. Қылмыстық істің болмауы осындай профилактикалық жұмыстың арқасында деп ойлаймын.
– Тергеуге шақырылған адамды қамауда қанша уақыт ұстай алады және азаматтар бұл жайлы нені білгені дұрыс?
– Тергеуге келген адамды 3 сағаттан артық ұстауға болмайды. Бірінші кезекті ол адамға не үшін шақырылғаны жайлы түсіндіру керек. Яғни, қандай қылмыстық іс бойынша шақырылды және статусы қандай екенін айтуға міндетті. Ол кісі куәгер ретінде шақырылды ма, күдікті ретінде шақырылды ма осының бәрін айтады. Және де оған өзінің құқығы да түсіндірілу керек. Қорғаушы шақыруға да қақысы бар екенін айтқаны дұрыс болады. 2023 жылы 3 сағаттан артық отырған 45 адам прокуротура орган қызметкерлерінің анықтауымен ғимараттан шығарылған. Ал биыл жыл басынан бері 14 адам анықталды. Біз бұл жағдайлар бойынша ұсыныс енгізіп 26 лауазым иесі және 4 басшы құрам жауапкершілікке тартылды.
– Тергеуге шақырылған адамды азаптау оқиғасы анықталған жағдайда құзырлы орган қызметкерлеріне қандай жағдай тағайындалады?
– Қазір ең қатаң жаза 7 жылдан 12 жылға дейін ал, орташа жаза 6 жылға дейін, ең жеңіл жаза 2 жылға дейін жаза алады. Жазаны жасаған қылмысының санатына, ауырлығына байланысты алады. Егер жүкті әйелдерге және кәмелет жасына толмағандарға жасалған азаптау болса, ол ауыр жазаға жатады. Қылмыстық кодекстің 146-бабының 4-бөлігіне сәйкес ауыр жаза болып есептеледі.
– Кәмелет жасына толмағандарды тергеп-тексеру орындарына шақыруға бола ма?
– Кәмелет жасына толмаған балаларды жалғыз шақыруға, тергеуге болмайды. Олардың жанында міндетті түрде ата-анасы, асыраушысы болу керек. Және де кәмелет жасына толмаған балалардан жауап алу кезінде психологты да қатыстыру керек. Олардың қатысуынсыз жүргізілген тергеу заңсыз болып саналады. Және де олардың қатысуынсыз жасалған хаттама мен тергеу әрекеттері де заңсыз боп есептеледі.
– Шымкенттегі тергеп-тексеру орындарының бәрі бейнекамерамен жабдықталған ба?
– Тергеп-тексеру орындарына 5400 камера орнатылған. Бізде соқыр аймақтар анықталмаған. Себебі барлық аудандағы прокуратуралар жүйелі түрде тексеріп отырады. Алдағы уақытты бұл салаға да жасынды интеллект қолдансақ деп отырмыз. Ол кезде өзіміз барып тексеріп жүру керек болмайды. Сондай жағдайда мониторинг орталығы арқылы бақылауға болады. Қай жерде камера өшіп қалды, қай жерде істемей тұр дегенді анықтауға болады. Мұны енді бас прокуратура пилоттық жоба ретінде Алматы қаласында жасап жатыр. Одан кейін бізге келеді.
– Тергеуде болған, азапқа ұшыраған азаматтың жағдайы камераға жазылмай қалған жағдайда қалай дәлелденді? Яғни ол адам өзінің азапқа ұшырағанын қалай дәлелдей алатын еді?
– Осы кезге дейін тергеуден шыққан азамат содан кейін сараптаудан өтсе, егер қинау іздері болса, сол арқылы анықтап келдік. Және де ол жақта сол уақытта болғанын телефоны арқылы, сол жерден жазылған жазба, хабарлама болса сол арқылы да анықтай аламыз. Сонымен бірге куәгерлер арқылы да анықтап келдік.
– Біраз күн бұрын Шымкентте жоқ өнім үшін жалған құжат жасап, мемлекеттен 12 миллион теңге субсидия алған кәсіпкерлер анықталды. Оқиға қалай болған? Мұндай жағдай жиі болып тұра ма?
– Иә, бұл жұмыспен біздің басқарма айналысты. Шаруашылық қожалық зауытқа мысал ретінде айтайын 100 тонна сүт өткіздім деп мемлекеттен субсидия алса, біз тергеу барысында шын мәнінде 100 тонна емес, 10 тонна өткізгенін дәлелдедік. Зауытты да тексердік, шаруа қожалығын да тексердік. Сонда 90 тоннаға өтірік айтып субсидия алғаны белгілі болды. Мұның механизмі қалай жасалғанын айтып өтейін, арнайы базаға бұлар шаруашылықтың аты-жөнін, қай жерде орналасқанын бәрін жібереді. Заң бойынша ауылшаруашылық басқармасы берілген өтінімге қарап, оған субсидия аударуға шешім шығарады. Ал ауылшаруашылық басқарма қызметкерлерінің соның басына барып, жұмысты тексеруге заң бойынша құқы жоқ. Қазір істі әлі тергеп жатырмыз. Міндетті түрде ұсыныс енгіземіз. Қандай ұсыныс десеңіз. Өтінім астында барлық құжат үшін шаруа қожалық өзі жауап береді деп жазылған. Сондықтан да жауапты басқарма барып, тексере алмайды. Біз осы жеріне өзгеріс енгізу керек. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазір бұл кісілерден 12 миллион толығымен өндірілді. Сотқа жібердік, қылмыс ауыр болып саналады. 5 жылға дейін сотталуы мүмкін, бірақ соңғы шешімді сот шығарады.
– Мұндай жағдайлар жиі болып тұра ма?
– Бұл істі 3 дерек бойынша жібердік. Қазір өндірісімізде тағы осындай 8 дерек бар. Бәрі жалған құжат жасап, субсидия алған. Олар бойынша аудиторлық тексеру және экономикалық сараптама жүргізіліп жатыр. 8 дерек те тек сүт өніміне байланысты емес, әртүрлі кәсіп бойынша жасалған. Былтыр ауылшаруашылығы басқармасы бойынша Шымкент қаласында 3,9 млрд. теңге субсидия алынған. Қазір соның бәрін тексеріп жатырмыз. Аудиторларды, сараптамаларды тағайындадық.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР