Алименттен жалтарған әкелер қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ

491
алимент

Енді алимент төлеуден жалтарған әкелер әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл жөнінде Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

Қадағалаушы орган өкілдерінің айтуынша, борышкер әкелердің бұл тығырықтан шығуы үшін жаңа жоба әзірленіп, жүзеге асты. Алимент төлеуге қабілетсіз, жұмыссыз жүргендер үшін арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 285 кәсіпорын мен мекемелерден 2388 жұмыс орындары ұсынылған. Жобаға 50-ге жуық борышкер қатысып, оның 39-ы – тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.

Егер ол жұмыстан бас тартып, алимент төлеуден қайта жалтаратын болса онда жазаға тартылады. Бұл үшін прокурорлар арнайы алгоритм әзірлеп, наурыз айында қолданысқа енгізбек.

Бауыржан Мирзалиев

Бауыржан Мирзалиев, Шымкент қаласы прокуратурасы қоғамдық мүддені қорғау басқармасының аға прокуроры: «Борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту алгоритмі бойынша, егер брышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылса, сәйкесінше ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеледі және сол мерзімге бас бостандығынан айырылу жазалары көзделген».

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласының сот орындаушыларың өндірісінде 9 мыңнан астам алимент өндіру туралы іс құжаттар болса, соның тек үш мыңға жуығынан ғана алимент жұмыс орнынан өндіріліп келеді. Прокуратураның мәліметінше, қалғандардың перзенттеріне берешегі қордаланып қалған. Өткен жылы 1 айдың ішінде, прокурорлардың араласуымен мәжбүрлі түрде сондай қарыздың 13 миллион теңгесі өндіріліпті.

Мөлдір Бекеева