Прокуратура полицейлердің «былығын» әшкереледі

781

Шымкент қалалық полиция қызметкерлері өздерінің статистикалық көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігімен 232 қылмыстық істі ойдан тіркеп, есептік мерзім аяқталғаннан кейін, оның құрамында қылмыстың болмауына байланысты қысқартқан.

Мұндай заңсыз әрекет жөнінде Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеп отыр. Бақылаушы орган өкілінің айтуынша, осы және өзге де заң бұзушылықтарға қатысты ұсыныс хат қазіргі уақытта Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовке жолданған. Ендігі жерде бұл «шикілікке» жол берген полицейлерге шара көру немесе жауапкершілікке тарту департамент бастығының құзыретіне беріліпті. Сондай-ақ, прокуратура тәртіп сақшыларының жұмысынан тағы бір ауқымды заңсыз әрекетті әшкерелеп отыр.

Руслан Заурбеков

Руслан Заурбеков, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «171 қылмыстық іс бойынша айғақ заттарды тәркілеу, тіркеу, сақтау, беру мен оларды жою туралы ереженің талаптарын бұза отырып, жойылуға жататын есірткі заттарын заңсыз сақтап отырған. Тек қала прокуратурасының тікелей араласуымен Полиция департаменті сақтауда тұрған 13 келі есірткі заттарын жойды. Полиция департаментіне біз тиісті ұсыныстарды енгіздік, қазіргі таңда ол қаралу бойынша тиісті кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Олар содан кейін, 1 ай мерзім ішінде заң бұзушылықтардың бәрін жоюы керек».

Мөлдір Бекеева