Түркістанда 39 млн. шаршы метр қора жайлар залалсыздандырылды

26

Түркістанда 13 түрлі қауіпті мал ауруына қарсы залалсыздандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазір Қырым қанды қызбасына қарсы 39 млн. шаршы метр қора жайларға дәрі себілді. Сонымен қатар, екпе салу шарасы қолға алынған.

«Ауру көбейсе, мал еті экспортқа шықпай қалады. Сондықтан жауапкершілікті арттырып, бақылауды қатаңдату керек». Облыстағы ветеринария саласындағы жұмыстар сарапқа салынған мәжілісте облыс басшысы осылай деді. Өңірде 16 ауруға қарсы профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Қазір оның 13-і бойынша төрт түлік пен үй жануарына екпе салынған. Дегенмен облыс басшысы, жұмыста кемшілік бар екенін айтады. Сондықтан бұл салаға қатысты проблемаларға дер кезінде назар аударып, жұмысты әлде де ширату қажет дейді.

«Сіздер жауапкершілік сезініп, жұмыс істеу керексіздер ғой. Қазір бұл жағдаймен кете берсеңіздер, біз етті экспортқа шығарамыз деп отырмыз, сатып алушы келмейді ғой. Экспортқа шектеу береді. Аудан әкімдері осы Ветеринария бойынша жиналыс өткізесіздер ме? Қарап, дер кезінде шешім шығарып отырсаңыздаршы. Өйткені бруцеллез көбейсе, ертең малдарыңыз экспортқа шықпай қалады», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Дегенмен мамандар, бұл бағыттағы жұмыстар жоспар аясында жүріп жатқанын айтады. Мәселен, Түркістанда 1,5 млн. бас ірі малға Қырым қанды қызбасына қарсы бүрку жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, 39 млн шаршы метр қора жайлар мен оған жапсарлас алаң залалсыздандырылды. Ветеринар мамандар мұнымен тоқтап қалмай қауіпті ауруға қарсы вакцина салу шарасы қарқын алғанын айтады.

«2024 жылы аса қауіпті ауруларға қарсы 30,9 млн. доза вакцина егу жоспарланып, жыл басынан 15,5 млн. доза вакцина аудан, қала орталығындағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізіліп, бүгінгі күнге 6 айдағы жоспардың 78 % орындалды», — дейді Түркістан облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Тоқсейіт Елекеев.

Айта кетейік, биыл «сібір жарасы» ошақтарын күтіп ұстау үшін жергілікті бюджеттен 4,6 млн. теңге қаржы бөлініп, 310 ошақ арнайы ерітіндімен залалсыздандырылып, тиісті белгілер орнатылған.