Сенатор А.Сатвалдиев шымкенттік шаруалардың мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін екенін айтты

Сенаторлар ғылым және мемлекеттік сатып алу туралы заңдарды мақұлдады. Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елдегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың 80 пайызы мемлекеттік сатып алулармен байланысты екенін айтқан еді. Бүгін Сенат отырысында заң жобасы қолдау тапты. Сондай-ақ, отырыста кітапханашылар мен әлеуметтік орталық қызметкерлерінің жалақы мәселесі де қозғалды. 

«Шымкенттегі шаруалар ауыл шаруашылығы санатындағы жер болмауына байланысты субсидия алуға өтініш бере алмай отыр». ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев осындай мәлімдеме жасады. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері үшінші мегаполиске келген сапарында «жерлер тиісті санатқа жатпайды, жайылымның жоқтығынан субсидия берілмейді» дегенін айтты. Сөзінше, субсидиялаудың жаңа ережелеріне байланысты шымкенттік шаруалар мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін. Осыған орай депутат жақында күшіне енген ережелерге өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы шымкенттік шаруалар 56 мың тонна сүт, 12 мың тонна ет, 4300 тонна ірімшік, 500 тоннаға жуық май өндірген. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа өзгеріс енгізілу нәтижесінде көрсеткіштерден айырылып қалу қаупі туындауда. Бір сөзбен айтқанда шымкенттік шаруалар мемлекеттік қолдаудан таса қалуда. Өйткені субсидиялаудың жаңа қағидаларына сәйкес, тауар өндірушіде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болуы талап етілген».

Сенат отырысында депутат Нұртөре Жүсіп өз сауалын Үкімет басшысына жолдады. Ол кітапханашылардың жалақысы төмен екенін және кітапханалардың бірқатарына көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігін жеткізді. Сенатор «Кітапхана ісі туралы» жеке заң әзірлеп, қабылдауды және кітапханашылардың мәртебесін арттыруға арналған тиісті шараларды қолға алуды ұсынды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Президент 2021 жылдан бастап кітапханашыларға орташа есеппен жалақыны 20 пайызға кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда, республика бойынша қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы 125 мың теңгені құрайды. Жалақының төмен деңгейі білікті мамандардың бұл саладан кетуіне әкеледі. Кітапханада істейтін IT-мамандар, бухгалтерлер, техникалық мамандардың жалақысы тіптен мардымсыз».

Ал сенатор Амангелді Толамисов әлеуметтік орталық қызметкерлерінің жалақысын көтеруді және оларға арнайы мәртебе беруді ұсынды. Ол қазіргі таңда әлеуметтік қызметкерлердің табысы оларға жүктелетін жауапкершілік пен міндеттерге сай емес екендігін айтты.

Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы төмен және арнайы мәртебесінің болмауы туралы. Бүгінде елімізде әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының әлі күнге шешілмеген проблемалары жеткілікті. Соның ішіндегі маңыздысы еңбекақы мәселесі. Айлығы шайлығына жетпейтін осы сала қызметкерлері. Статистикаға сүйенсек, елімізде қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсететін 118 орталық бар».

Пленарлық отырыста «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қосымша түзетулермен мақұлдады. Енді отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында бір көзден алу тәсілімен офтейк-келісімшарттар жасасу мүмкіндігі берілетін болады. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жүзеге асырылмақ.