79 жылдан кейін жеткен марапат. Шымкенттік тұрғын 1945 жылы анасына берілген «Қызыл жұлдыз» орденіне қол жеткізді. Ол бұл жайында анасы Мария Башукова қайтыс болғаннан кейін ғана біліпті.
«Қанша жылдық еңбектен кейін анамның орденін қолыма алдым. Мұрағаттағы жазбалардан білгеніміздеЙ бұны 1945 жылы 23 ақпанда анама беруі керек еді. Алайда табысталмай қалған», — дейді полковник Әнуарбек Наурызбаев.
Әнуарбек Наурызбаевтың қолындағы «Қызыл Жұлдыз» ордені оның анасы Мария Башуковаға 1945 жылы берген. Сөзінше анасы 22 жасында 90 жауынгердің өмірін сақтап қалған екен. Бұл жайында марапаттау парағында да жазылған.
«Жолдас Мария Николаевна Башукова госпиталь взводында медбике болып жұмыс істеп жүріп, 1945 жылдың 23 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында дивизияның ұрыс қимылдары кезінде ауыр жараланған 90 солдат пен офицерді қарады. Бар күш-қуатыңызбен, күндер бойы олардың жанынан шықпай, демалмай, оларға деген мұқият қамқорлығыңызбен солдаттардың қасіретін жеңілдеттіңіз. Оның ауыр жараланғандарға риясыз көңіл бөлуінің арқасында адамдардың өмірі сақталып, жаралылар емделуге ауруханаларға эвакуацияланды. Башукова жолдас жараланған солдаттар мен офицерлердің өмірін сақтап қалудағы қамқорлығы үшін үкіметтік награда – Қызыл Жұлдыз орденіне лайық»
Мария Башукованың ұлы 1945 жылғы марапаттау парағы туралы кездейсоқ біліп қалыпты.
«Менің әріптесім жұмыс істеп жүріп, осы құжатты тауып алыпты. Онда менің анам Мария Николаевна Башуковаға «Қызыл жұлдыз» ордені берілген деп жазылған екен. Ол құжатты анық көрсетілген. Бірақ анамның көзі тірісінде бұл марапат табысталып үлгермеді», — дейді полковник Әнуарбек Наурызбаев.
Бірақ бұл марапатты іздеу де, оны тауып алу да оңайға соқпаған. Дегенмен Әнуарбек мырза, анасының құрметі үшін бұл құжатты қалай болған күнде де табамын деп өзіне уәде берген көрінеді.
«Мен мұны естіп өзіме офицерлік уәде бердім. Бұл орденге қалайда қол жеткіземін дедім. Мен сондықтан орденді іздеп, көп жерге жүгіндім. Бірақ жауап болмады. Бәрінен көңілім қалып, жазған арыздарымды жыртқан кезде әйелім қолдау білдірді. Ол сен офицер ретінде жалғастыруың керек деді. Сондықтан іздеуді қайта бастадым», — дейді полковник Әнуарбек Наурызбаев.
Қызыл жұлдыздың құжатын іздеу барысында батыр ананың ұлы ескі таныстарына хабарласып, көмек те сұраған.
«Одан кейін Мәскеуге тіке хабарласа бастадым. Ізденіп жүріп, мұрағаттан ескі танысымды тауып алдым. Дегенмен үміт өте аз болды. Былтыр анамның туғанына 100 жыл толды. Бірақ құжат әлі табылмаған еді. Дейтұрғанмен олар тауып беруге тырысамыз деді. Сол сөздер үміт берді. Сөйтіп жақында ғана мәскеудегі мұрағат қызметкерлері хабарласты. Олар 2 жыл іздеп құжатты тапқанын айтты. Бір орденді табу әрине көп уақытты талап етті. Бірақ келді. Менің анам да, әкем де соғыс ардагері. Қызығы әкеме берген марапат пен анама берген марапатта бір мөр, бір қол қойылған. Бірақ бізге жетпеген. Міне араға 79 жыл салып, қол жеткізіп отырмын», — дейді полковник Әнуарбек Наурызбаев.
Мария Башукованың марапаты не себепті өзіне берілмегені белгісіз. Ең бастысы, ұлы анасы қайтыс болғаннан кейін де өз сөзіне берік болып, орденге қолжеткізді. Сондықтан Әнуарбек Наурызбаев Ұлы отан соғысында жоғалтқан туыстары немесе марапатын іздегендер болса, ешқашан үміт үзбеу керек екенін айтады.
«Қазір бәрі өзгерді. Меніңше жоғалтқан марапатыңды, туысыңды іздеу үшін әскери бөлімдерге емес, бірден Қорғаныс министрлігіне жүгінген дұрыс. Соңғы 10-15 жылда көп дүние өзгерді. Тіпті жоғалғандар тізімі интернетте де тұр. Сондықтан үміт үзуге болмайды. Іздеуді жалғастыру керек. Қазір тауып алу мүмкіндігі жоғары», — дейді полковник Әнуарбек Наурызбаев.
Мұндай марапаттың тағы қаншасы мемлекеттік мұрағатта сақталғаны белгісіз. Ең бастысы, бейбіт күніміз үшін денсаулығы мен өмірін қиған жандардың ұрпақтары ерте ме, кеш пе, олардың ерліктерін білетін боламыз. Себебі ерлік ешқашан ұмытылмайды.