Шымкентте «Өз еліңді танып біл» еріктілер іс-шарасы өтті. Бұл жиын «Игі істер» марафоны аясында ұйымдастырылған.
Акция аясында ерікті жастар «Ибрахим ата» кесенесіне экскурсияға барып қайтты. Шара мақсаты – жастар арасында ұрпақтар сабақтастығы, салт-дәстүрді дәріптеу және еліміздегі белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен таныстыру, насихаттау.
Экскурсияға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері және қаланың ерікті жастары атсалысып, Ибрахим атаның халық арасындағы киелілігі және ерекше көріпкелдік қасиеті туралы аңыздары және кесененің сәулет тарихымен жақынырақ танысты.
Тарихи құндылығымыз «Ибрахим ата» кесенесі Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, кесене Сайрам тұрғын алабының солтүстік-батыс бөлігінің шетінде, Ақсу ауылы жолының жанындағы биік төбеде тұрғызылған. Ортағасырлық сәулет өнерінің бұл ескерткіші осы аймақтағы бұрыннан сақталып келе жатқан күмбезді кесенелердің бірі саналады.
Тарихы терең, жергілікті жұртшылық үшін қасиетті мекенге 10 шақты ерікті барып, тағылым жинап қайтты.
Марафон бірнеше күнге созылады. Сол аралықта қала жастары тарихи-мәдени орындармен танысып шығады деген жоспар бар.