Он бесінші шағынаудан тұрғындары қаңғыбас иттер мен үйсіз адамдардан құтыла алмай әлек. Жаз басталғалы Жібек жолы даңғылында орналасқан 43 үйдің айналасын үйсіздер мекен қылып алған. Төбелесіп, шу шығарып, тұрғындарға тиісетін көрінеді. Ал қаңғыбас жануарлар үріп мазаны алатыны аздай, адамдарға шабуылдауға көшіпті.
Бұл Фосфоршылар сарайы аумағынан шығып жатқан иттердің дауысы. Дәл осындай шу таңертеңнен-кешке дейін жалғасатын көрінеді. Кейде түскі уақытта тоқтап қалады дейді Әл-Фараби ауданының тұрғындары. «Иттер тек шулап қана қоймайды» дейді осында 4 жылдан бері тұратын Жамал Бейсенбі. Сөзінше, қаңғыбас жануарлар адамдарға шабуыл жасайды екен. Әрі-бері жүрген балаларға тарпа бас салама деп уайымдап жүрген әйел, төрт аяқтылардың саны күн санап көбейіп келе жатқанын айтады.
«Қолымда 3 және 4 жасар немерелерімді жетектеп, «Көктем» базарынан келе жатқан бетімде, 7-8 ит алдымнан шықты. Аңтарылып қалдым, не істерімді білмедім. Сөйтіп артқа кеттім. Артқа кетіп, әшейін былай келе салатын, тез жететін үйге автобуспен айналып келдім», — дейді тұрғын Жамал Бейсенбі.
Жібек жолы даңғылында орналасқан 43-ші үйдің тұрғындары бұл мәселе «Фосфоршылар» сарайын қоршағалы бері басталғанын айтады. Тұрғындардың сөзінше, олар мәселені көтеріп бірнеше рет жауаптыларға жүгінген, алайда нәтиже болмапты.
Владимир Чиркин, Шымкент қаласының тұрғыны: «Фосфоршылар» сарайын қоршаған соң, иттер көбейіп, сол жерді мекендей бастады. Кемі 20 шақты ит жүреді. Барлығы бір жерге жиналып үргенде мүлдем тыныштық бермейді. Бұған дейін бұл мәселені неше рет айттық, ешкім келмеді».
Өркен Әбдреев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына иттер бәле болды. Біздің ауламызда балалар көп. Бұның біреуін ит талап өлтірсе кім жауап береді».
Мұндағы тұрғындарды мазалайтын мәселе бір бұл ғана емес. Жергілікті халықтың айтуынша қазір үй маңын, ауланы үйсіз-күйсіз адамдар жайлап алған. Олар тіпті қолдан шатыр құрып, төсек салып, көпқабатты үй ауласын өз меншігіне айналдырып алған дерсің. Ең қорқыныштысы, қураған шөп пен ағаштардың ортасында отырып, от жағып өздеріне тамақ істейді деген тұрғындар, олар бір күні ауланы өртеп жібере ме деп алаңдайды. Ал ауладағы жиналған қоқыстың иісі қолқаны қабады.
«Түніменен жатады, ішеді, төбелеседі, айғайлайды. Төсектеріне дейін төсеп алған. Қоқыс шашып тастаған. Бала-шаға шыға алмайды. Кешке шықсаң мына жерде алқаштар жатады. Әйел бар ма, еркек бар ма барлығы осы жерде жатады», — дейді тұрғын Гүлнар Есенгелдиева.
Жамал Бейсенбі, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үш топ бар, соның бір тобы мына жерде тамақ пісіреді, шай қайнатады, қорықпайды. Бұрын бұл жерге отырып салқындап демалатын едік, қазір мүлдем келе алмай қалдық».
15-ші шағынаудан тұрғындарының мәселесі бойынша тиісті жауаптылар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Ветеринария бөлімінің басшысы айтулы аумақтағы қаңғыбас иттер мәселесімен таныс екен. Сөзінше, екі күннен бері аулау бригадасы жұмыс істеп, 7 ит ауланыпты. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ол.
Ерлан Әденов, Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Ол жерден бізге шағымдар 109 «IKomek» орталығы арқылы келіп түскен болатын. Түскен өтініштер бойынша біздің №3 аулау тобы аулау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы заң шыққандықтан қазіргі аулау жұмыстары жануарларға зиян келтірмейтін тәсілдермен ауланады. Бір бригада екі адаммен барады, ол жерде топырлап жүрген иттер бір-екеуін ұстап жатқан кезде, басқа иттер қашып кетеді. Сол себепті бір барған жеріне қайтадан баруға тура келеді».
Ал ауланы мекендеген бір топ үйсіздер мәселесін полицейлер өз бақылауына алғанын мәлімдеді.
«Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторларымен әкімшілік аумақта құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды болдырмауға бағытталған рейдтік іс-шаралар күнделікті жүргізулуде. Аталған аумақ учаскелік полиция инспекторларымен қатаң бақылауға алынғанын хабарлаймыз», — деді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.
15 шағынаудан тұрғындары жаз басталғалы күресіп келе жатқан бұл мәселелер тезірек шешімін табады деген үмітте.