Түркістандық шаруаларға 48 трактор кілті табысталды

20
фото: ТО әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда «Trade in» бағдарламасымен 48 шаруаға техника кілті табысталды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өкілдерін қолдауға негізделген. Ал ол үшін 1,2 млрд теңге қаржы қаралып отыр.

Түркістандық 48 шаруаға жаңа трактор кілті табысталды. Соның бірі 30 жыл ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған Толқын Сыбановқа бұйырды. Қарияның техникасы ескіріп, істен шыға бастаған. Сондықтан ол «Trade in» бағдарламасы негізінде, ескі тракторды жаңасына ауыстырды.

«2 жарым пайызбен трактор алып жатырмыз. Ескі тракторды өткізіп, 1 млн 300 мыңға Құдай қаласа жақсы трактор алайын деп тұрмын. Техниканы біз қырыққабат, болгар бұрышы, картоп, баялды егеміз. Ескіны жамай-жасай есіміміз кетіп еді. Енді жаңасын алған соң, тоқтамастан халыққа қызмет етеміз», — дейді Сарыағаш ауданының тұрғыны Толқын Сыбанов.

Жаңа техникалар жергілікті «Ауыл аманаты» жобасы арқылы «KAZ KIOTI» компаниясынан сатып алынып жатыр. Сондықтан өңір әкімі кәсіпорын жұмысымен танысып шықты.

Аталған жоба бойынша шаруаларға берілетін 48 техникаға 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Тұрғындар ескі комбайн немесе тракторын өткізіп, сертификат алады. Ал одан қалған ақшаны аз пайызбен несие рәсімдеу жүйесі қарастырылған.

«Шамамен құны 1 млн. теңгеге дейін сертификат алады. Өзіне алғашқы жарна ретінде беріледі. Оны қаржы ұйымдарына құйса, біз оған жеңілдетілген несие арқылы 2,5 пайыз. Қаржы ұйымдары арқылы 6 пайызбен несие береміз. Бұл шаруаның ескі техникасын жаңартып алуына үлкен мүмкіндік», — дейді «Ырыс» микро қаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев.

Айта кетейік, ауыл шаруашылық тракторларын өндіретін кәсіпорын 2015 жылы іске қосылған. Жобаның инвестициялық құны – 6 919,0 млн теңгені құрайды. Өткен жылы зауыт 304 трактор, 6 комбайн жасап шығарса, осы жылдың 3 айында 180 дана техника жинаған.