Сапалы интернетпен қамту: 50 елді мекенде жұмыстар аяқталды

33

Шымкент қаласында халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 2025 жылға қарай үшінші мегаполисті жүз пайыз талшықты-оптикалық және мобильді интернет желісімен қамту көзделген. Бүгінде қанша тұрғын алапта жұмыстар аяқталды? 

Интернет дұрыс жұмыс істемейді. Әлеуметтік желіде отырсаң видеолар «қатып қала береді». Ғасыр дертіне айналған бұл проблема шымкенттік тұрғын Меруерт Кеңесті де мезі қылған. Самал-2 шағынауданының тұрғыны мәселенің шешімін үйіне талшықты-оптикалық интернет желісін орнату арқылы тапқанын айтады.

Меруерт Кеңес, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алдын «Қазақтелекомды» қолданатынбыз. Бірақ, ол өкінішке қарай көңілімізден шықпады. Көршілеріміз «FISHNET» деген интернетті қолданып жүр екен. Сөйтіп «FISHNET»-ке хабарласып, сол мобильді құрамды пайдаланып жатырмыз. Көңілімізден шықты. Қолданып жатқанымызға 2-3 ай болды. Өте керемет».

Заманауи талшықты-оптика желісінің басты ерекшелігі – интернеттің жылдамдығы. Жауаптылардың айтуынша оптикалық интернетті орнату шағынаудандарда тегін жүргізіледі. Ал тұрғындар тарифті өздері таңдай алады.

Нұржан Алматов, жауапты компания өкілі: «Ерекшелігіміз бізде «шексіз интернет». Және  жылдамдық. Біздің интернеттің жылдамдығы минутына 100 мбиттен басталады. 100 мбит деген бір үйге беймарал жетеді»

Қалалық цифрландыру басқармасындағылар биыл 20 елді мекеннің талшықты-оптикалық интернет желісіне қосылатынын айтады. Ал 2025 жылы мегаполис толықтай жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ.

Мұхит Кемелов, Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы: «Оптикалық интернет қала әкімдігінің тарапынан жүргізу 2021 жылдан бастап қолға алынған. Жалпы Шымкенттегі 81 елді мекеннің барлығын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 2025 жылы осы елді мекеннің барлығына толыққанды оптикалық интернет жүргізу жоспарланған»

Бүгінде 50-ден астам елді-мекен сапалы интернетпен қамтылған. Жауаптылар оптикалық интернет орнатылған шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді.