Колледж түлектеріне қарағанда жоғары оқу орнын бітіргендер мамандығы бойынша көбірек жұмысқа орналасып жүр.
Мұндай мәліметті елдің Еңбек ресурстары орталығындағылар ұсынды. Дегенмен, қазақстандық нарықта жұмысшы мамандар тапшылығы әлі де сезіледі. Үкімет тарапынан орта техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттау үшін барлық ресурстар жұмсалғанымен, жұмыс берушілер де, жалақы да бұған әсер етпей отыр. Сондықтан мемлекет кәсіптік білім беру жүйесін қайта құруға ниетті.
Колледж түлектерінің көбі жоғары оқу орындарының түлектеріне қарағанда мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Еңбек министрлігі жанындағы Еңбек ресурстарын дамыту орталығы талдаушыларының мәліметі бойынша техникалық және кәсіптік білім ұйымдары бітірушілерінің үштен бір бөлігі өз мамандықтарынан тыс жұмыс істейді. Ал жоғары оқу орындарының түлектері арасында бұл үлес небәрі 17% құрайды.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ:
«Болашақтың жұмыс күші: Қазақстан еңбек нарығындағы жастар» баяндамасынан үзінді:
«Жұмыс берушілер Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім сапасының деңгейін 7-ден 3,7 балға бағалайды. Бұл нарықтың кадрларды даярлау сапасына қанағаттанбауын жанама түрде көрсетуі мүмкін. Дайындық сапасы төмендігінің себептері: ескірген материалдық-техникалық база, колледждердің экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен әлсіз байланысы. Жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде алынған қаражаттың 85% — ы ғимараттарды ұстауға және педагогтердің жалақысына, ал 15% — ы студенттердің практикасын ұйымдастыру үшін материалдарға жұмсалады».
Сарапшылар мектеп түлектері техникалық білім алуға белсенді шақырылғанына қарамастан, олардың көбі жоғары оқу орындарын таңдайды деп отыр. Өйткені түлектер үшін жоғары оқу орындарында білім алу беделді саналады әрі дипломмен жұмысқа орналассаң, жалақың да жоғары болады деген пікірде. Ал еңбек нарығының сарапшылары бүгінде жұмысшы мамандықтары тапшы деп отыр. Алайда жұмыс берушілер жастарды тігінші, электрші болуға ынталардырмайды.
Александра Молчановская, DASCO STRATEGY директоры: «Көп талапкер жоғары оқу орнына баруды таңдайды. Нәтижесінде олар еңбек нарығына шыққан кезде іс жүзінде техникалық және кәсіптік білім алған мамандарға арналған жұмыс орындарына орналасады. Бұған жұмыс берушілер де ықпал етіп отыр. Егер бізде жоғары немесе кәсіптік білімі бар екі үміткер болса, онда жұмыс беруші жоғары білімді маманды таңдауы ықтимал».
Техникалық білімі бар мамандардың жалақысы ЖОО бітірген қызметкерлерге қарағанда аз. Бұны Ұлттық статистика бюросындағылар да растап отыр. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы орта білімі бар жалдамалы қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы жоғары оқу орнын бітіргендерге қарағанда 42% — ға аз болған. Мұндай динамика барлық салаларда сақталып отыр.
Үкімет орта кәсіптік білім беруді түбегейлi қайта құруды, студентке техникумды бiтiргеннен кейiн оқуын университетте бірден үшінші курстан жалғастыруға мүмкіндік беретін жүйеге қайта оралу туралы шешім қабылдады. Ал ТжКБ ұйымдарында халықаралық салалық стандарттарды және түлектердің білімін сертификаттау енгізілмек. Осы жоспар бойынша жұмысқа орналастырылған түлектер үлесі 5 жылдан кейін 80% — ға дейін ұлғаяды деп күтілуде.