Мал сою орындарына орнатылған блок-бекеттердің жұмысы қатаң бақылауға алынбақ

25
фото САӘБҚ

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен аудан аумағында орналасқан мал сою орындарындағы заңдылық тәртіпті күшейту мақсатында алқалы жиын өтті. Жиынға Түркістан облысты ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай, Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ағабек Әбдиев, құқық қорғау қызметкерлері, аудандық ветеринария саласының мамандары және тиісті сала басшылары қатысты.

Аталған жиында аудан әкімінің орынбасары Шухрат Убайдуллаев мал сою орындарындағы құқықтық тәртіпті қадағалау мақсатында бүгінде Қарабұлақ, Көлкент және Арыс ауыл округтерінде арнайы блок-бекеттерді орнату жұмыстары қолға алынғанын айтты. Сондай-ақ, Түркістан облысты ветеринария басқармасының басшысы Ғани Тұрысқұлұлы бұл блок-бекеттерді жарықтандыру мәселесін жандандыру жайлы ұсынысын білдірді.
Ал, Түркістан облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Ағабек Сейітханұлы мал сою орындарына жануарлар автокөлікпен және сырғасыз тасымалданған жағдайда иелері жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді. Және басқа облыстардан келген ірі қараларды сою заңдылығы жіті зерделенетінін жеткізді. Бұдан бөлек, мал союға тиісті анықтама құжаттарының соңына QR орнату арқылы заңсыздықтың жолын кесу айтарлықтай жеңілдейтінін алға тартты.
Басқосу барысында Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Мерлан Шотыков блок-бекеттердегі кезекшілікке тұрған қызметкерлер ауысымы аяқталған соң, толыққанды ақпарат беруі қажеттігі туралы өз ойын ортаға салды.
Бұған қоса, Сайрам Ауданының Полиция Басқармасының басшысы Мұрат Ермеков барлық белгіленген мал сою орындарының блок-бекеттердегі жол қозғалысы жол-патрульдік көліктерінің бақылауында болатынын баяндады.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Арман Сәбитұлы әрбір тиісті аумақтағы блок-бекеттерге арнайы жауапты мамандарды бекіту керектігін тапсырды. Сонымен қатар, бұл бағыттағы атқарылатын жұмыстардың ақпараттық ауқымдылығын мейлінше арттыру қажеттігін айтты.