19 қазан – Құтқарушылар күні. Айтулы датаға орай Шымкентте Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы шара ұйымдастырды. Жиында салада ерлігімен көзге түскен батырлардың есімі ұлықталды. Сондай-ақ, мамандар түрлі қауіпті жағдайда қалай әрекет жасайтындарын көрсетті.
Бұл азаматтар — бейбіт күннің батырлары. Себебі олар өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің жанын аман алып қалуға қашан да дайын.
Берік Спабеков небәрі 4 күндік сәбиді қызыл жалын ортасынан аман алып шыққан ержүрек батыр. Ол үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл салада 25 жылдан бері қызмет етіп келеді. Түрлі төтенше жағдайды басынан өткерген құтқарушы жұмыстың оңай емес екенін айтады.
Берік Спабеков, құтқарушы: «Төртінші қабаттың адамдарын құтқаруға кіргенімізде есік құлыптаулы болды. Есікті бұзып кіргенімізде ішінде 4 күндік сәби мен 4 жасар бала және әке-шешесі болды. Әке-шешесі әлін жоғалтып алған. Тұруға шамалары жоқ. Сол кезде балдарды алып шыққанбыз»
Ержүрек Беріктің ізін қуып осы қауіпті қызметке артынан ерген інісі Мейрамбек те келген. Ағайынды Спабековтер бүгінде кез-келген тосын жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға үлкен күш жұмсап келеді.
Мейрамбек Спабеков, құтқарушы: «2001-2003- те Алматы облысында әскерде болдым. Сол кезде ағам өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарды. Мен әскерден келгенде өрт сөндіруші боламын деп армандап келдім. Жұмыс қиын емес. Өзім жұмысқа қызығып, армандап кірдім»
Осылайша бұл күні бір әулеттің қос батырымен қатар, түрлі ерлік көрсетіп көзге түскен құтқарушыларға құрмет көрсетілді. Жиында ведомство бастығы Шымкент кез-келген төтенше жағдайға дайын екенін атап өтті.
Қуанар Базарбаев, Шымкент қаласы ТЖД бастығы: «Жер сілкінген кезде азаматтарды эвакуациялауға әкімдіктен 3000 палатаға жер алып жатырмыз. Заттарын аламыз. Сондай жұмыстар жүрігізіп жатырмыз.
-Яғни Шымкент кез-келген төтенше жағдайға дайын ба? — Дайынбыз»
19 қазан – құтқарушылар күніне орай ұйымдастырылған шарада қызметкерлер түрлі жағдайда қалай әрекет ететіндерін бөлісті. Мектеп оқушылары куә болған жиында қызыл жалын сөндіріліп, апатты жағдайда қалғандарды құтқару әдістері көрсетілді.