Құтқарушы болу оңай ма?

313

Құтқарушы мен өрт сөндіруші кейпіне енген оқушылар бұл саланың жауапкершілігін сезінді. Адамдар қашатын қауіпті алаңға жүгіріп жететін мамандықтың маңыздылығын түсінді. Мамандардан төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетуді үйренді.

Сержан Өтеп, оқушы: «Мен осы жерден білгенім құтқарушылар құтқарған кезде алдынан емес, сырт жағынан құтқаруы керек екен. Сосын жасанды дем берерден алдын жүрекке массажды 3 рет емес, 30 мәрте жеңіл жасау керек. Оны кәсіби түрде жасау міндетті. Және желкеден ұрып көмектесу керек екен».

Шомылу маусымында балалардың қауіпсіздік ережелерін білуі маңызды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың судағы қауіпсіздік туралы білімін жетілдіру. Төтенше жағдайдың алдын-алып қауіпті жағдайға тап болғанда дұрыс әрекет етуге және басқаға көмек көрсетуге баулу.

Мұрат Мұхаммедов, Қаратау ауданы, төтенше жағдайлар департаментінің офицері, аға лейтенант: «Қазір білесіздер шомылу маусымы кезінде республикамыздың көлемінде көптеген оқиғалар орын алып жатыр. Оның ішінде зардап шеккендердің көбісі балалар. Басты себебі – шомылуға тиым салынған жерлерде ата-анасының қарауынсыз қалып кетеді. Сол себепті суға бату шараларының алдын алу мақсатында практика жүзінде сабақ көрсетті».

Айта кетейік, үшінші мегаполисте жыл басынан бері қайғылы оқиға тіркелмеген. Ал өткен жылы шомылу маусымында 4 адам суға кеткен екен. Оның екеуі жас бала.

Су және өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндіру мақсатында өткізілген шара балалардың сурет салу мен эссе жазу байқауына ұласты. Сайыс жеңімпаздарына арнайы алғыс хат пен сыйлықтары табыс етілді.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева