Құтқарушы болам десеңіз…

214

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушы болуды армандайтын оқушыларға арнайы экскурсия өткізді. Мамандар жас жеткіншектерді өрт техникасымен, жалпы жұмыс барысымен таныстырды. Ал азаматтық қорғау академиясына түсу үшін балаларға қатаң іріктеуден өту қажет.

Құтқарушы мамандығы ең жауапты әрі қауіпті жұмыстардың бірі. Бұл саланы таңдағандар алдымен маңызды іріктеуден өтеді. Ең бірінші жеткіншектердің төзімділігі сынға түседі.

Мектеп бітіргеннен кейін құтқарушылар қатарын толықтыруды жоспарлаған оқушыларға арнайы экскурсия өткізілді. Шымкенттік жоғары сынып түлектері өрт техникасы мен жабдықтарымен танысып, тәжірибелік жаттығуға қатысты.

Айбол Көмекбай өрт сөндіруші болуды армандайды. Мектеп оқушысы болашақ мамандығының қиындығына қанық болып өскен. Ал Айболдың әкесі – өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді екен.

Академияға түсу үшін бозбалалар медициналық комиссиядан, полиграфиялық зерттеуден, психологиялық тесттен және физикалық іріктеуден өтуі қажет. Төтенше жағдай қызметкерлері қатысушылардың басым бөлігі физикалық дайындықтың нашарлығына байланысты сынақтан сүрінеді дейді. Сондай-ақ, оқуға түсу үшін оқушы ҰБТ-да 50-ден астам балл жинауы тиіс.

Қуаныш Арсланов, Шымкент қалалық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің бастығы: «Жалпы оку орны Көкшетау қаласында орналасқан. 1-3 курс курсанттары казармалық жағдайда, ал төртіншісі курста қалада тұрады. Оқудың барлық кезеңінде олар киіммен, тегін тамақпен және мемлекеттік стипендиямен қамтамасыз етіледі. Академияны бітіргеннен кейін курсантқа лейтенант атағы беріледі. Сондай-ақ, оларға тұрғылықты жері бойынша ТЖМ бөлімшелеріне жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі».

Азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуге ниет білдіргендер Шымкент қалалық ТЖ Департаментінің кадр саясаты бөліміне және өрт сөндіру қызметіне өтініш беруі керек.

Гүлдана Дәурен