Елімізде оқушылардың 80 пайызында көру қабілеті төмен. Оған себеп — көзге түсетін салмақтың көптігі. Дәрігерлер кейінгі жылдары көз ауруларының жасарғанын айтады. Ақ халаттылардың сөзінше, телефон экранына ұзақ қарау нерв талшықтары мен көз бұлшықеттерінің жұмысын бұзады.
Сонымен қатар, көру қабілетінің нашарлауына экология мен дұрыс тамақтанбау да әсерін тигізеді. Көз ауруларының алдын алу үшін не істеу керек?
Жұлдыз Тұрабаева балаларының көру қабілетіне алаңдайды. Оның екі баласы мектепте оқиды. Ұлдарының тек үлкенінде ғана ұялы телефон бар. Қала тұрғыны смартфонды тек байланыс құралы ретінде пайдалану үшін беретінін айтады. Сөзінше, көру қабілетінің нашарлауы – тікелей ұялы телефонға қатысы бар.
Жұлдыз Тұрабаева, ата-ана: «Екеуінде ұялы телефон жоқ, тек біреуінде ғана. Тек хабараласып отыру үшін береміз қолдарына телефонды. Балдарымның көру қабілетін дәл қазір тексерткен жоқпын. Барынша оларға техникалық смартфондарды қолданбауын қадағалаймын. Жұмыста болған кезде телефонды жоғарғы жаққа қойып кетемін. Қолдары жетпейтін жерге қоямын, мен жоқта алып пайдаланбас үшін. Ал былайынша тек уақытпен ғана беремін».
Ал мектеп мұғалімдері оқушылардың денсаулығына алаңдаған соң, сабақ үстінде балалардан ұялы телефондарын жинап алатын көрінеді. Бұл біріншіден оқушылардың зейінін арттырса, екіншіден олардың бірнеше сағат болса да смартфонды аз пайдалануына мүмкіндік береді.
Жанар Оспанова, мұғалім: «Статистикаға сәйкес 80 пайыз жасөспірімдердің арасында көз көруінің әлсіреуі нақтыланған. Сол себепті біз ата-ана болып, сынып жетекші, мұғалімдер болып осы дертпен күресудеміз. Оған біздің қосып жатқан үлесіміз – біз таңертең балалар мектепке келгенде телефондарын жинап аламыз, сабақ аяқталғанда қайтарып береміз. Біз контейнерлерге сабақ кезінде осылай жинап қоямыз әр сыныптікін, қайтарда алып кетеді».
Балалар жыл басында міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Көз ақаулары анықталған оқушылар бірден тіркеуге алынып, алдыңға парталарға отырғызылады. Қажет болған жағдайда денешынықтыру пәніне қатысуға тыйым салынады.
Махаббат Нұрмахан, №65 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының медбикесі: «Бізде көз дәрігеріне 1663 оқушы қаралды, оның ішінде 86 оқушы көз ауруларымен қаралу қажет екен. Мұндай жағдайда олар тіркелген емханаларынан анықтама алып келеді. Ондай кезде біз оларды артқы жақтан көрмейтін болса, оларды алдыңғы парталарға отыруға мүмкіндік жасаймыз. Және оларды қадағалап, тексеріп тұрамыз. Дәрігерден анықтама алып келсе, оларға боксқа баруға болмайды, футболға қатысуға болмайды, физикалық салмақ түсіруге болмайды».
Оқушылар да көру қабілетінің төмендеуінің себебі – ұялы телефонды ұзақ пайдалану екенін айтады.
Кәусар Қаржаубай, 9 сынып оқушысы: «Азанда сабаққа барып-келемін, одан кейін курсқа кетемін, кешке үйге барып сабақ орындаймын. Менің өзімнің көзім жақсы көреді. Бірақ кейбір балаларда көру қабілеті нашарлап кеткен. Менің ойымша, мұның себебі – телефонды көп көргеннен. Көру қабілеті нашарламас үшін телефонды көп қарамауға кеңес беремін».
Көз аурулары тек оқушылардың арасында ғана емес, ересектер арасында да кеңінен тарап, ауру түрлері жасарып жатқан көрінеді. 70 жастағы қария Дәулет Әміршеев көзін тексертуге келіпті. Заманауи құрал-жабдық арқылы ауру себебін анықтап, оған ем тағайындалды.
Дәулет Әміршеев, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Операцияны істеткеніме 1 жылдай болып қалды. Одан кейін жақсы жүрдім. Бірақ кейіннен аздап су ағатын болғаннан кейін қайта тексертуге келдім. Көзімнің қарашығында ет болған, соны алдыртып тастадым».
Ақ халаттылар көз ауруларының жасаруына және кеңінен таралуына тек ұялы телефон ғана емес, экология мен дұрыс тамақтанбау да әсерін тигізетінін айтады. Сол себепті салауатты өмір салтын ұстануға басымдық беру қажет дейді мамандар.
Мереке Қыдырбаева, Облыстық офтальмологиялық аурухана бас дәрігерінің орынбасары: «Аурудың жасаруы өте көп байқалып жатыр. Негізгі соқырлықтың белгісі бізде 80 пайыз – катаркта, уақытша соқырлық. Ол жас келе болатын ауру. Тағы бір жиі кездесетін ауру – глаукома, тұқымқуалаушылық, көз қысымының көтерілуі. Белсенді өмір салтын алып жүруге де көп рөл ойнайды. Міндетті түрде гаджеттер деп айта алмаймын. Экология, біздің тамақтануымыз бар, бәрі әсер етеді. Алдын алу мақсатында салауатты өмір салтын алып жүру керек және көз дәрігеріне жылына кемінде екі рет қаралып тұру керек. Шағымның болуына да, болмауына да байланысты».
Телефон экранына ұзақ қарау нерв талшықтары мен көз бұлшықеттерінің жұмысын бұзады. Көру қабілеті төмендеуінің алдын алу үшін көзге арналған жаттығулар жасап тұрған дұрыс. Сонымен қатар, ешқандай шағымыңыз болмаса да офтальмолог дәрігеріне жылына екі рет тексерілу қажет. Ал егер жайсыздық немесе күдікті симптомдарды байқаған жағдайда, диагнозды нақтылау үшін дереу ақ ахалаттылардың көмегіне жүгіну керек.