Отшашудан 11 адам жапа шекті

456
Ұланды екінші ота күтіп тұр

Шымкенттік Ұлан Алтынбек енді қысқы демалысын аурханада өткізетін болды. Жеткіншектің мерекелік отшашуға деген қызығушылығы қайғылы аяқтала жаздады.

Ұланды екінші ота күтіп тұр
Дәрігерлер Ұланға екінші ота жасау керек дейді

Ұлан Алтынбек, «Самал-3» шағынауданының тұрғыны: «Далада келе жатқанмын, жерде петарда жатыр екен. Қолыма алып, қарағаным сол еді – жарылып қолымды көзімді жарақаттады.»

Айтарлықтай жарақат алған 7-сыныптың оқушысын алда тағы бір ота күтіп тұр. Қазір дәрігерлер баланың көзін аман сақтап қалу үшін бар амалды жасауда.

Ал 9 жастағы Кирилл Чугунов бүгін үйіне қайтады. Ленгір қаласының тұрғыны ауруханаға жаңа жылдың алғашқы күні түскен. Далада тауып алған жарылғыш затты түтетпек болған әрекетінің соңы жеткіншек жазатайым жарақатқа ұрындырды.

Қолында жарылған заттан Кирилл күйік алды
Кирилдің беті күйіп қалды

Кирилл Чугунов, Ленгір қаласының тұрғыны: «Далада келе жатып, жарылғыш затты тауып алдым. Үйге алып келіп, сіріңке жағып қалып едім, жарылып кетті. Мамам дереу жедел жәрдем шақырды. Петардалар мен отшашуларды пайдалану қауіпті екенін білмеппін. Ешкім ескерткен жоқ. Не ата-анам, не мектептегі мұғалімдерім. Енді мүлдем пайдаланбаймын. Достарыма да айтамын.»

Мерекелік отшашуларды сатуға салынған тыйым да, базардағы бақылау шаралары да нәтиже бермеген секілді. Биылғы жаңа жылдық мерекеде зардап шеккендер жылдағыдан көп. Былтыр осы мерзімде жарылғыш заттан жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілген. Ал жылқы жылының бес күнінде 11 адам отшашудан жапа шегіп отыр.

 Ахмед Кулиев, облыстық офтальмология ауруханасының дәрігер-офтальмологы: «Қаңтардың 1-і мен 5-і аралығында түскен жеті баланың екеуі ауыр халде жатыр. Ұланның көзіне ота жасадық. Басына зақым алғандықтан, екінші отаны кейінірек жағдайы дұрысталғанда жасаймыз. Жарылғыш зат қолына да зақым келтірген. Ол мүгедек болып қалмас үшін атсалысудамыз.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=NZclY0E7wJw[/youtube]

Сапасы күмәнді отшашуды пайдаланам деп, жарақат алып қалғандардың арасында ересектер де бар. Отшашумен Жаңа жылды қарсы алмақ болған түлкібастық Сергей Попов енді он күн еңбекке жарамсыз күйде аурухана төсегіне таңылды. Сондықтан көңіл көтерем деп, қайғыға дұшар болмас үшін, жарылғыш затты мүлдем пайдаланбаған жөн.