Рекордтар кітабына енген алып құрақ ел назарына ұсынылды

26

Шымкенттің бірегей Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығына 10 жыл. Дәстүрімізді дәріптейтін жалғыз орталық атаулы күнде «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» этнофестивалін ұйымдастырды. Ауқымды шараға өзге өңірлерден бөлек шетелден де қонақтар келген. 6 кезеңнен өткен этнофестивальде әдет-ғұрыптар мен көшпенділер әлемінің ойындары насихатталды.

Еліміздегі жалғыз «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы Шымкент қаласында орналасқан. Дәстүрімізді дәріптеп, киелі құт орынға айналған орталық биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Орталық ұжымы атаулы күнде «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» этнофестивалін ұйымдастырды.

Асыл дәстүрімізді бүгінгі заманға сай қайта жаңғыртып жүрген орталықтың 10 жылда атқарған еңбегі зор. Мәселен, орталық осы уақытқа дейін 300-ге жуық этнофестиваль ұйымдастырған екен. Ал бүгінгі этнофестивальдің мақсаты ұмыт болған әдет-ғұрыптар мен көшпенділер әлемінің бар інжу-маржан қазынасын жастарға дәріптеу, дейді орталық басшысы

Бахтияр Спанов, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры: «Ата-бабамыздың салт-дәстүрін дәріптеу, келешек ұрпаққа аманттау, жеткізу. Қазіргі білесіздер киім киюдің өзінің небір түрлері бар. Соны заман талабына сай қазір қандай әдемі етіп жасаған. Солар секілді әдет-ғұрпымыздың да заманға сай өзгеріп жатқан жайты бар. Сондықтан осы әдет-ғұрып салт-дәстүрді ұмытып кетпеу үшін, келешек ұрпаққа аманаттау үшін біз осы іс-шараны ұйымдастырудамыз».

Әр өңір тұрғындары ұлттық ойындарға қатысып, іс-шараның ажарын ашты. Этнофестиваль 6 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең ғұрыптық әндерден театрландырылған көрініс болса, екінші кезеңде келіндер қамыр илеп, кеспе кесуден және күбі пісіру, май шайқаудан жарысқа түсті. Одан бөлек этнофестивальде 19 өңірден 450 құрақшының қолынан шыққан құрақ көрпені тамашалауға мүмкіндік болды. Он саусағынан өнері тамған аналар көрпені мегаполис символы қызғалдақ кейпінде жасаған екен.

Гүлжаһан Сейітбекова, «Шебер аналар» тобының мүшесі: «Біз Шырайлы Шымкенттіміздің символы ретінде қызғалдақтың отаны деп, қызғалдақ көрпешелер шығарып отырмыз. Бұл Нұргүл ханымның туындысы. Соны мына қазақтың аналарының бәрі бүкіл Қазақстанға көрсетейік деп бәріміз еңбектеніп тігіп отырмыз. Бұл енді біздің анадан балаға мұра боп қалсын, баяғы аналарымыздың қолөнері жоқ болып кетпесін деп әрекеттеніп жатырмыз».

Ұйымдастырылған шараны тамашалауға алыс-жақын шетелдерден туристер де келген. Солардың бірі Марокко елінен келген Надия есімді ару еліміздің салт-дәстүрі мен ұлттық әшекейлеріміз ұнағанын айтады.

Надия Мукдир, турист: «Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Және бүгін дәл осы этникалық стильдегі, қазақ салт-дәстүрлері дәріптелген шараға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Мұндағы ұлттық киімдер мен әшекейлер көздің жауын алады. Қазақ халқы да өте әдемі және қонақжай екен».

Ұлттық құндылығымыз дәріптелген шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, құттықтау тілегін жеткізді.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Құрметті қонақтар баршаңызды бүгінгі салт-дәстүр орталығының 10 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгінгі жиынға келген барлық қатысушыларға қала әкімі Ғабит Мәжітұлының атынан Шырайлы Шымқаламызға қош келдіңіздер деймін. Бұйыртса орталығымыз жасай береді. Әлі де көптеген жетістіктерге жетеді деп білеміз. Сондықтан бүгінгі мереке тағы да құтты болсын!».

Шара соңында қонақтар жігіттердің жілік шағу, асық ату, қол күрес сынды спорттық ойындарын тамашалады. Ал қазақтың дәстүрі мен салтына қызыға, тамсана қараған туристер алдағы уақыттарда дәстүр айнасына айналған төл туындыларымызды құрметтейтінін жеткізді.

Мадина Нариман