Құрақ құрай білесіз бе?

Бүгінде құрақ құраумен екінің бірі айналыспағанымен, осы бір өнерді қыз жасауынан ғана кездестіруге болады. Нақтырақ айтсақ, қыздың көрпе-төсегіне анасы міндетті түрде құрақ көрпе, жастығын қосады. Бұл қыз жасауының негізгі бөлігі. Неге міндетті түрде құрақ көрпе қосады? Cұрақтың жауабын іздеп көрдік.

«Қол өнері – кілемде, сөз өнері – өлеңде» дейтін қазақтың қолөнерінің ертеден келе жатқан бір түрі, төл өнері – құрақ құрау. Қалған маталардың қиындысын жарамсыз етіп тастауды ысырап деп біліп, бір кәдеге жаратудың есебін тапқан. Мата қалдықтарын бір-біріне жалғап тігу арқылы құрақ құрау өнері дүниеге келген.

Біздің халық үшін құрақтың маңызы, қасиеті «Құдай құрастырсын» деген ырымға саяды. Бұлай болуының себебі, бұрынырақта өмірге әкелген перзенті шетіней берген ерлі-зайыптылар ел ішінде мата қиындысын жинайды. Оларды бір-біріне жалғап, құралған матадан жас нәрестеге «құралсын, көбейсін» деген ырыммен көйлек тігеді. Көйлекті астарлап, етегін қайырмай, «сілекей» күйінде қалдырған. Киімнің етек-жеңін көктемеген күйде «сілекей» етіп қалдыруының сыры – нәрестенің соңынан тағы бала ерсін деген тілекті білдірген. Осы ырымның әсері болса керек, жас шаңырақ иелеріне сыйлаған дүниенің басым бөлігі құрақпен әсемделеді.

Уақыт өте келе құрақтың түрлері дамыды. Геометриялық фигураларды ұқсастырып, ортасы көздің жанары тәрізді құралып тігілетін «ботакөз» деген түрі – тіл-көзден сақтасын, бұрыш-бұрыштанып, айналасына сәуле шашқан жұлдызға ұқсас «жұлдыз» атты құрақ – бағы жансын, жұлдызы жарқырасын, «қошқар мүйіз» – малды, жанды болсын деген ниеттен туған. Құрақтың осы үлгілері бүгінге дейін үздік туынды саналады.

Қолөнер шеберлері құрақ тігісін – қарсы құрақ, шырша құрақ, шаршы құрақ деп үш түрге бөледі. «Қарсы құрақ» бір-біріне қарсы тігілсе, «шырша құрақ» шырша тәрізді бір-бірімен қиылыса отырып жалғасады. Ал «шаршы құрақ» төртбұрышты қиындылардың бірі екіншісіне жалғанады. Осылайша, мата түрін өзгерте отырып, түрлі өрнектерді өмірге әкелуге болады.

Құрақ құрау кезінде ою-өрнек пен өлшемге ғана емес, мата түсіне де аса зор мән берілген. Түрлі-түсті бояуымен көз қарықтыратын құрақта жиі пайдаланылатын түстердің сыры мынадай: көк, көгілдір түс – ашық аспанды, сәттілікті бейнелейді. Қызыл түс – жанған оттың, аққан қанның, өмірдің белгісі. Жасыл түс – жастықтың, бастаудың, көктемнің, өсімдіктің сырын шертсе, ақ түс – парасаттылық пен биіктіктің, адамдық пен ар тазалығының мәнін ашады. Сары түс – даналықтың, білімділіктің, қара түс – қиындық пен қараңғылықтың белгісі. Сол себепті, құрақта бұл түстер бір-бірімен тығыз байланысып, өмірдің бір ғана түстен тұрмайтынын анық ұқтырады. Сондықтан болар, шеберлер қызылдың жанына жасылды, ақтың жанына қараны, көктің жанына сарыны қойып, әр түсті өзінше сөйлетуге тырысады. Құрақтың біртегіс, әдемі шығуы үшін астарлап тіккен.

Қалдыгүл Момынқызы, құрақ құраушы шебер:

– Құрақ құрау қыз-келіншектерді сұлулықпен сырласуға, оны өн-бойына сіңіруге, бояулар әлемін танып, түйсінуге үйретеді. Екі келіншектің күн ұзын шай ішіп, өткен той-томалақты сөз еткенінен, бірге отырып, тігіс тігіп, құрақ құрағаны әлдеқайда пайдалы. Бұл уақытты тиімді пайдалану ғана емес, ұл-қызға көрсеткен өнеге де. Адамның ісі қандай көркем болса, сөйлеген сөзі мен мінезі де сондай көркем, өмірі нұрлы болмақ.

Әрбіріміздің қазақ қолө-нерінің ежелгі түрін қайтадан жаңғыртып, қазіргі заманға лайықтап үйлестіру арқылы құрақ құраудың жаңа түрін ойлап табуға мүмкіндігіміз бар. Оған қоса, ұрпағыңның көбейгенін, бір басының екеу болып құралғанын тілеп отырып құрақ құрау бір ғанибет емес пе?!

Бір өкініштісі, ертеректе ыдыс-аяқ, киім-кешек, түскиіз, текемет, көрпе-төсек, тіпті аяқкиімге дейін оюлап тігуді дамытудың орнына бүгінде кенжелетіп алдық. Құрақты қыз жасауына қосатын кезде дайынын сатып алуға дағдыландық. Сатып алған құрақ көрпеде қазақтың оюынан басқа ештеңе жоқ. Жүрек жылуымен, ыстық ықыласпен тігілмеген құрақ көрпеде әсемдік те болмайтындай. Өйткені, құрақ көрпені көбіне өзге ұлт өкілдері дайындайды. Ал біздің халықтың құрақ құрау технологиясы ерекше. Оған ерекше қызығушылық танытатын өзге елдерде құрақ құрау әлдеқайда кең өріс алған. Орыс тілінде бұл өнер «лоскутное шитье» деп аталады. Олар құрақ құраумен өте ерте заманнан айналысып келе жатыр. Шығыста, Мысырда, Каир төңірегінде үш мың жыл бұрын тігілген құрақ бұйымдар табылған. Америкада да әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүргендіктен, құрақ құрау өнері әу бастан-ақ пайда болған. Ағылшын тілінде құрақ құрау «пэчуорк» деп аталады. Жапон халқы кестелеп құрақ құрауды «сашико» деп атайды. Қарап отырсаңыз, құрақ құрау таңсық өнер емес екен. Біздің елдегідей қалыптасқан түрі болмаса да, әр ел мата қалдықтарынан құрақ құрауды өзінше сәнге айналдырған (3-суреттер топтамасы). Дегенмен, қазақ халқының құрақ құрауы өзіндік қайталанбас көркемдігімен, дәстүрлі әдісімен дараланып тұрады. Көнеден қалған бұйымдар өрнегі ерекшелігімен адамды тез баурап алып, тарих қойнауына жетелейді.

Құрақ құрау – адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, шеберлікке үйретсе, адам бойындағы бұл қасиеттер қас шеберді тәрбиелеп, дарыны мен білімін арттыруға мүмкіндік береді. Бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесім табуын түсінуге, тануға шыңдайды. Тазалыққа, әсемдікке бейімдейді. Адамзаттың жан-дүниесін байытып, логикалық, геометриялық, пәлсапалық ой-өрісін кеңейтеді.

Той жасау – салт-дәстүрдің негізі болса, құрақ құрау, тігіс тігу, қызға жасау дайындау – салт-дәстүрдің орындалу әдеті, ғұрпы. Яғни, белгілі шеті мен шегі, салынған ізі. Ал әдет-ғұрып – қазақы тәрбиенің қайнар бұлағы, тәртібі. Үйіңізде өз қолыңыздан шыққан құрақ көрпенің, өзге де бұйымның болуы – сіздің нағыз отансүйгіш екеніңізді дәлелдейді. Сондай-ақ, қазақ қолөнерін дамытуға да өзіндік үлесіңізді қосасыз.

Айтпақшы…

Мата қиындылары, мойынорағыш, сыңары жоғалған шұлық, киюге жарамайтын (үтікке күйген, т.б.) жемпір сияқты басқа да киім-кешегіңізді және киімнен түскен лента, гүл атаулыны қоқысқа тастамай, кәдеңізге жаратсаңыз болады. Мәселен, кітап қаптау үшін, ине қадауға арналған жастықша, айна, орындық шеттерін құрақ матамен безендіруге пайдаланы-ңыз.

Ақмарал Аширова