Шымкентте «Қазақ дастарханы» көпшілікке дәріптелді. Түрлі ұлт өкілдері ұлттық тағамдарды әзірлеп, сыйластық пен қонақжайлық дәстүрін паш етті.
Шымкент қаласының көпұлтты халқы қазақтың ұлттық тағамын әзірледі. 17 этнос өкілі қазанға қамыр салып, ықылас-ілтипатымен көпшілікке дәм ұсынды. Қазақтың қонақжай дәстүрін көпшілікке паш еткендер қатарында Арзу Гурбанова да бар. Ол тіпті Әзербайжаннан келген меймандарымызға да ет асып, қазақи жөн-жоралғыларды танытамыз дейді.
Арзу Гурбанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен Қазақстанда, Шымкентте тұрып жатқан әрбір ұлт өкілі осы дастарханнан өзіне өнеге алуы керек деп есептеймін. Өз отбасымды айтар болсам, бізде қазақтың барлық тағамдары пісіріліп, желініп жатады. Тіпті Бакудан келін алып жатсақ та, қазақи салт-дәстүрлерді үйретеміз»
Дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі аясында этнос өкілдері үй жағдайында әзірлеген қазақ тағамдарынан ортақ дастархан жайып, қалың көпшіліктің назарына ұсынды. Мұндағы мақсат ұлтымыздың қонақжайлық, сыйластық сынды игі дәстүрін дәріптеу дейді ұйымдастырушылар.
Тахирбек Нишанбаев, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары: «Шымкент қаласында 17 этно мәдени бірлестік болса, соның барлығы бір отбасының баласындай осы іс-шараға атсалысып жатыр. Қазақ ұлтының дастарханын таныстырылып, қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі дәріптеліп жатыр. Мақсатымыз — жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу»
Айта кетейік, «Қазақ дастарханы» фестивалі алғаш рет 2015 жылы бастау алған. Жыл сайын түрлі форматта өтетін іс-шара қалалық ассамблеяның ұйытқы болуымен биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.