Шымкентте «Ұлттық киім — ұрпаққа мұра» фестивалі өтті. Дәстүрлі іс-шара жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл алғаш рет байқау түрінде өткен фестивальге қаладағы түрлі сән үйлері қатысты. Олар ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көремен назарына ұсынды.
«Ұлттық киім – ұрпаққа мұра!». Шымкентте дәл осындай атаумен қазақи нақыштағы киімдер фестивалі өтті. Онда қаладағы жоғары және орта оқу орындарының сән үйлері қатысып, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көрермен назарына ұсынды.
Гаухар Төлепова, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы: «Бұл фестивальде жасқа шектеу қойылмайды. Кішкентай еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қатысуға болады. 3-жастағы баладан, 80-дегі әжелерге дейін қатысып отыр. Бұл жерде ұрпақтар сабақтастығын да байланыстырып отырмыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық киім — халықтың мәдениеті» деген сөзі бар. Сондықтан ұлттық киімге үлкен мән беріліп жатыр, қызығушылық артып отыр. Оқу орындарында, мекемелерде ұлттық киімді дресс-кодқа айналдырып киіп жатыр».
2 жыл бұрын бастау алған фестиваль енді дәстүрлі түрде өтеді. Дегенмен, биыл ерекше формат қолға алынды. Фестивальге қатысушылар бұл жолы өзара сайысқа түседі. Байқауға қатысушылар арасында жастармен қатар, ақжаулықты әжелер де бар.
2 бөлімнен тұратын фестивалдің бір бөлігі — ұлттық қолөнер бұйымдарынан қойылған көрме. Онда қазақи нақыштағы төсек орын, сандық пен әшекей бұйымдар, ұлттық үлгідегі бас киімдер мен ыдыс-аяқ бар. Іс-шараға арнайы келген қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова көрмені тамашалап, ұлттық бұйымдармен танысып, тіпті этникалық киімдерді киіп көрді.
Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бұл фестивальдің мақсаты – ұлттық салт-дәстүрімізді және әдет-ғұрпымызды дәріптеу. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үйрету, көрсету, ұрпақтан-ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету. Ұлттық нақышымыз әдемі дүниелерге бай, киімдерге, әшекейлерге бай. Біз басқарма тарапынан ұлттық нақыштарын, байлықтарын дәріптеуге әрқашан дайынбыз, қолдаймыз».
Ұлттық салт-дәстүр мен қазақи нақыштағы киімдер мен бұйымдарды насихаттауға арналған дәстүрлі іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады.