Сыпырғыны ораққа алмастырған ана

33
фото Отырар.кз

Жасы 50-ден асқан ана арнайы техниканы қолданып, шөп орумен айналысады. Мамандардың сөзінше Диляра Орынқұлова қаламызда мұндай іспен айналысатын жалғыз әйел. Кішкентайынан техникаға құмар болған жан өз жұмысын жақсы көреді екен.

Жасы 50-ді еңсерген Диляра Орынқұлова шөп орумен айналысатын Шымкенттегі бірден бір нәзік жанды. Оның коммуналдық салаға келгеніне 10 жылдан асты. Ал орақты қолына осыдан 4 жыл бұрын алыпты. Сөзінше оған басқа әйелдерге ұқсап сыпырғы ұстауға қарағанда техникамен жұмыс істеген оңай.

«Өзім қызығамын осыған. Шөп оруға баяғыдан қарап жүретінмін. Дәл осы орақпен оруға қызықтым. Сыпырғы да ұстадым. Еден де жуып көрдім. Болмады. Осы тартып тұрды. Қызығып, орып көрейінші деген кезде әйел кісіге беруге қорқатын. Кейін бір шеберіміз қолыма ұстатты. Бірінші қолыма орақ ұстатқан кезде 1-2 күн қасымдағылар қалай май құю керек, ору керек үйретіп жүрді», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Диляра Орынқұлова. 

3 баланың анасы 20 жылын үй шаруасына арнаған. Перзенттері өскен соң жаны қалаған ісін таңдапты. Техникаға жаны құмар Диляра кішкентайынан түрлі құрылғыларды жөндеуге қатты қызыққанын айтады. Соның арқасында орақты игеру аса қиын болмапты.

«Басында бала кезімде магнитофондарды ашып, жөндеп жүретінмін. Басқалар ұқсап тігін, тамақ жасауды қатты қаламаймын. Машинаға қызығамын. Өзімде жоқ болған соң жолдастарымнан үйретіңдер деп сұраймын. Олар қасымда отырады. Кілтпен қосқан соң кішкене жүрген соң, газды басамын да тіке қатты жүріп кетемін. Содан кейін енді бермеймін деп қорқып жатады», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Диляра Орынқұлова. 

Адал еңбекке жаны құмар Диляраның әріптестері оның ер мінезді екенін айтады. 5 жылдан бері бірге жұмыс істеп жүрген Мұхтар Сыздықов «біз оған нәзік жанды ретінде қол ұшын созуға тырысамыз. Дегенмен ол, керісінше бізге көмекке ұмтылып тұрады» дейді.

«2019 жылдан бері бірге жұміс істеп келеміз. Міне, 2024 жыл да аяқталып жатыр. Бізге қашан да көмегін беріп тұрады. Өзіміз де қолымыздан келгенше көмегімізді береміз. Демалып істе деп қоямыз арасында, себебі өз ісін қатты жақсы көреді. Бізбен қатар жүріп жұмыс істейді. Әзілдесіп тұрамыз. Ұжым болған соң қолдап тұрамыз», — дейді Диляра Орынқұлованың әріптесі Мұхтар Сыздықов.

Айта кетейік, қаламызда 2 мыңнан аса коммуналдық қызметкер бар. Олар 5 мердігер мекемеде жұмыс істейді. 8 сағаттан 2 мезгілге бөлініп олар қаланы абаттандыру, тазалау, қалыпқа келтіру ісін жүзеге асырады. Ал қыстың күні қар қалың жауған кездері 24 сағат бойы мегаполис тазалығына жауап береді.