Түркістан облысында астыққа орақ түсті

399

Өңірімізде астыққа орақ түсті. Дегенмен, биылғы түсім былтырғыдай емес, аз болатын түрі бар. Шаруалар мұны қуаңшылықпен байланыстырып отыр.

Егінге алғаш болып орақты әдеттегідей қазығұрттық шаруалар салды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев киелі мекендегі науқанмен арнайы барып танысты. Осыдан 20 жыл бұрын құрылған бұл қожалықтың меншігінде 2 жарым мың гектар егістік жер бар.

Биыл шаруалар 2700 тонна бидай өнімін, 320 тонна мақсары, 450 тонна арпа жинапты. Ал биыл түсім жылдағыдай емес. 500 гектарға жазғы бидай осынша алқапқа күзгі бидай еккен шаруалар қазір гектарынан 15-20 центрнерден өнім алуда. Былтыр күн райы қарасып, әр гектардан 25 центнерге дейін астық жиналған еді дейді шаруалар. Түсімнің аздығын жауын-шашынның аз болғанымен байланыстырған дихандар биыл соңғы 20-30 жылда болмаған қуаңшылық болды дейді.

Биылғы жылы облыста 233 мың гектардан астам жерге масақты дақылдар егілген. Оның 191 мың гектары бидай болса, 42 мың гектары арпа. Бүгінде осы алқаптардан 26 мыңнан аса тонна арпа мен бидай жиналып отыр.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары: «Тауар өндірушілерге жеңілдетілген бағамен берілетін минералды тыңайтқыштың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артып, 85 мың тоннаны құрады. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 38 мың тонна жанар-жағар май толығымен тауар өндірушілерге босатылды. Ал астық оруға қажетті 883 техниканың бүгінде 90-95 пайызы дайын».

Күнгей шаруалары дәнді дақылдардың әр гектарынан 16 центнерден, яғни 374 мың тонна өнім жинайды деп күтілуде. Алдын-ала жасалған болжамдық есеп бойынша аймақ басшысы шаруаларға астықты төкпей-шашпай жинап алып, дер кезінде экспортқа шығару қажеттігін тапсырды. Науқан тамыз айына дейін жалғасады.