Қариялар енді далада емес, панада шахмат ойнайды 

23

Шымкентте араға 5 жылға жуық уақыт салып қайта шахматшылар үйі пайда болды. Қала әкімі үшінші мегаполис басшылығына келгендегі шахматшы қарияларға берген уәдесін орындады. Орталық саябақта ақсақалдарға арналған жаңа шахмат үйі ашылды. Қысы-жазы далада зияткерлік ойынды ойнап келгендер, жаңа орын-жайға қатты қуанды. Мұнымен қаладағы шахматты дамыту шектеліп қалмайды, алда аталмыш спорт түріне қатысты тағы да жоспарлар бар екен. 

Қаламызда қариялар мен ардагерлер төрт жылдан бері далада қысы-жазы шахмат ойнап келді. Қысты күні жаурап-жасынаса да интеллектуалдық ойынды доғармаған ақсақалдар, шенділерден әрқашан бір жай салып беруін сұрайтын. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис басшылығына келгенде бір топ шахматсүйер қариялар осы мәселені айтып өтініш білдірген. Үлкендердің сөзі ескеріліп, бүгінде қаламызда орталық саябақта қарт кісілер мен ардагерлерге арналған шахматшылар үйі ашылды. Жаңа ғимараттың ашылуына қала басшысы және орын-жайды салған демеушілер қатысып, көптен күткен шахмат үйі пайдалануға берілді.

Енді шахматқа әуестенген қариялар жылы әрі жайлы орында зияткерлік ойынды ойнай алады. Мұнда бір уақытта 40 адам интеллектуалдық ойында сынға түсетін 20 шахмат үстелі бар. Ғимараттың қабырғалары біріңғай терезеден тұрады, бұл шахматшылардың айтуынша айналаға қарап, сергіп алып, ойынға барынша берілуге мүмкіндік береді.

Нұрман Қонысбеков, Жаңа шахмат ғимаратының директоры: «Демеушілерге де, қаланың әкіміне де рахмет. Міне сондай тамаша зал. Жаңа үстел, орындық, шахмат фигурасы, тақтасы. Қандай керемет, тек алғыс жаудырамыз».

Қаламызда шахмат спортына көңіл бөлу мұнымен тоқтап қалмайды екен. Қала әкімі қарияларға арналған жаңа шахмат үйін табыстаған соң, сол орталық саябақтағы ардагерлер үйі Шымкент балансына өткеннен кейін онда бүкіл мегаполис тұрғындарына арнап шахмат клубын ашу жоспарымен бөлісіпті.

Нұрман Қонысбеков, Жаңа шахмат ғимаратының директоры: «Түркістан облысының балансында тұрған ардагерлер үйі қалалық әкімдіктің қарамағына өткеннен кейін, әкім онда шахмат клубы болатынын айтты. Бұйырса, клуб ашылса ол жақта шахмат ойнағысы келетін кезкелген тұрғын емін-еркін ойнайтын болады».

Ақсақалдар бұл хабарға дән риза боп, орталық саябақ алдағы уақытта инттелектуалдар орталығы болмақ деп қуанышы тасып отыр.