Шымкентте қандастар еңбек нарығына сай бейімделуде

26
фото КАӘБҚ
Шымкент қаласында 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін 366 отбасындағы 736 адам «қандас» мәртебесін алып, 48 отбасыдағы 64 адамның мәртебесі 6 айға ұзартылды. Қандас мәртебесін алғандардың ішінде 365 ер адам мен 371 әйел бар, олардың 234-і 18 жасқа дейінгі балалар, ал 90-ы зейнеткерлік жастағы азаматтар. Шымкентке қоныс аударған қандас отбасыларда 412 адам еңбекке қабілетті.
Қандастардың Қазақстанға оралуы елдің демографиялық құрылымын өзгертіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл процесс қарқынды дамып, қандастарды қабылдау мен оларға қолдау көрсету мақсатында түрлі арнайы бағдарламалар іске қосылды.
Шымкентке қоныс аударған қандастардың басым бөлігі ТМД елдері мен Өзбекстаннан келгендер. Жыл басынан бері Өзбекстаннан 722 адам, Қырғызстаннан – 1, Ресейден – 7, Түркіменстаннан – 2 және Қытайдан 4 қандас қоныс аударды.
Қоныс аударған қандастардың көпшілігі құрылыс саласы, сауда-саттық және басқа да жалдамалы жұмыстарда еңбек етіп жатыр.
Шымкентте 2008 жылдан бері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – қандастар мен олардың отбасыларына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 6 ай бойы бейімдеу және кіріктіру бойынша қызметтер көрсету. Қазіргі таңда осы қызметті 16 отбасыдан 47 адам пайдаланып отыр.
Сонымен қатар, Шымкент қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығына жыл басынан бері 124 қандас жүгініп, олардың 66-сы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Осылайша, бір қандас жұмыссыздар арасында жұмыс берушілердің сұранысына сай оқуға жіберілсе, 27 қандас тұрақты жұмыс орындарына орналасты.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 4 жас маман «Жастар практикасы», 4-і «Қоғамдық жұмыс», 10 қандас «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына қатысты, 1 адам «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, 18 қандас «Бастау бизнес» жобасы арқылы алғашқы кәсіпкерлік дағдыларын меңгеруде.