«Ұлттық банктің Түркістан филиалы банкноталардың жаңа сериясы туралы айтты»

503

Әлемдік практикада қолдан ақша жасауға жол бермес үшін әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп, жаңа түрі шығады. Оларға жаңадан қорғаныш элементтері енгізіліп, банкнота дайындауда жаңа технологиялар қолданылады.

Ұлттық Банк банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығарып отырады. Жаңа банкнота сериясы «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және Қазақстанның мұрасын бейнелейді. Дегенмен, қолдан ақша жасап шығарып жатқандар да жоқ емес. Олардан қалай қорғану керек, шынайы және жалған банкноталарды қалай ажыратуға болады? 

Ұлттық Банк теңгені қорғау дәрежесін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізеді және банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығара бастады. «Сақ стилі» жаңа банкнота сериясының номиналы 5000 теңгелік бірінші банкнота алғаш рет 2023 жылдың 25 желтоқсанында айналымға шықты.

Бернард Касимов, «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалының жиынтық-экономикалық бөлімінің бастығы: «Ұлттық Банк теңгені қорғау дәрежесін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізеді: алдымен жаппай басып шығару кезінде өндіру мүмкіндігін бағалау үшін «үй банкноталары» шығарылады, сосын жаңа қорғаныш элементтері мерекелік және естелік банкноталарда сыналады. Олардың үздіктері сериялық банкноталарда пайдаланылады».

Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотаны аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады. Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей. Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді. Ал қорғаудың қосымша элементтері банкноталардың дизайны мен дизайн бекітілген жылы ҚР ҰБ Төрағасының қолы болып табылады.

Бернард Касимов, «ҚР Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалының жиынтық-экономикалық бөлімінің бастығы: «Жалпы Қазақстандық ұлттық валюта – теңге әлемдегі ең қорғалған банкноталардың бірі болып табылады, бұл – банкнота өндірісі саласында халықаралық қоғамдастықтар мойындаған факт. Ұлттық Банк банкноталардың жаңа сериясын кезең-кезеңімен шығара бастады. Жаңа серия «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және Қазақстанның мұрасын бейнелейді. Шығарылым теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға және елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған».

Банкноталардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған. Жаңа дизайндағы банкноталар айналымға шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар біртіндеп айналымнан алынады. Ұлттық Банк филиалдарында ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгіге мерзімсіз айырбастайды. Ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың қатар айналым кезеңі 1 жылды құрайды.

Жаңа серияда әр номиналға Қазақстан аумағында қазіргі таңда да мекендейтін, қазба жұмыстары кезінде табылған жекелеген жануарлар арналады. Банкноталар екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ арқылы айналымға түседі. Бұл ретте, жаңа банкноталардың шығарылған күні туралы жарияланғаннан кейін және олар жаппай айналымға түскенге дейін еліміздің барлық өңірлеріне жеткізу және жабдықтарды бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.

Жаңа дизайндағы банкноталар айналымға шығарылғаннан кейін алдыңғы үлгідегі банкноталар біртіндеп айналымнан алынады. Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайтын болады.

Ұлттық Банк жалған полиграфиялық өнімдер, яғни қолдан жасалған ұлттық валюта банкноталарының тарағанын ескертеді. Сондықтан, күмәнді банкноталар, соның ішінде түпнұсқа ақша белгілерінің сыртқы белгілеріне ұқсайтын банкноталар анықталған жағдайда, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Түпнұсқа банкноталарда көзбен көріп тексеру және жанасу кезінде оңай анықталатын бірқатар қорғаныш белгілері бар. Олармен Ұлттық Банктің ресми сайтында және Youtube каналында танысуға болады.

Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды қолма-қол ақшаны пайдаланғанда сақ болуға шақырады және қылмыстық кодекстің 231-бабына сәйкес жалған ақша немесе бағалы қағаздарды жасау, сақтау, тасымалдау немесе өткізумен айналысуға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.