Шымкентте былтыр заңсыз айналымнан 157 келіден астам есірткі заты алынды

22
фото ШПД
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы полиция департаменті қала аумағында есірткімен байланысты құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытында кешенді шаралар қабылдауда.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, өткен жылы полицейлермен есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 541 қылмыстық құқық бұзушылықтар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тіркелгендердің 65-і есірткі заттарын өткізу, 13-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 35-і есірткі өсімдіктерін егу және тағы да басқа қылмыстар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабында (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) көзделген қылмыстық теріс қылықтың 410 дерегі анықталған.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде былтыр заңсыз айналымнан 157 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп алынды. Оның 100 кг 599 грамы – марихуана, 17 кг 536 грамы – гашиш, 30 кг 622 грамы – синетикалық есірткілер және қалғаны тағы да басқа есірткі түрлерін құрайды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті 2025 жылы осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, «Есірткісіз болашақ» қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек ететін болады.