Заңсыз нысан сүрілді

22

Шымкентте тағы бір нысан сүрілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхана жанындағы салынған дәмхана ғимаратын бұзу жұмыстары аяқталды. 2018 жылдан бері тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе ақыры шешімін тапты. Біздің телеарна да осы тақырыпты қамтып, қараша халықтың жанайқайына биліктің араласу қажеттігін көтерген болатын. Бірнеше жылға созылған дауға сот нүкте қойды.

Валентина Ачох, Шымкент қаласының тұрғыны: «6 жылдан бері дәмхананың сүрілуін талап еттік. Қайда бармадық. Әкімдіктің табалдырығын тоздырдық. Түбінде коммерциялық нысан сүріліп, енді міне қоршауы да алынып тасталды. Жақсы болды, көршілеріміздің бәрі риза. Енді бұл жерді өзіміз абаттандырамыз»

Ғимаратты сүру жұмыстары тұрғындар және нысан иесімен келісілгеннен кейін жүргізілген. Бүгінде аумақ құрылыс материалдары мен қоқыстардан тазартылып үлгерген. Жауапты басқармадағылар коммерциялық нысанды сүру жұмыстары заң аясында және кәсіпкердің барлық талаптарын ескере отырып жүргізілді деп сендірді.

Алдияр Мұсабаев, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары: «Бұзу тұрғындармен және иесімен келісілді. Біз барлық құрылыс материалдарын алып тастадық, аумақ толығымен тазартылды. Нысанды алып қою болған жоқ, өйткені бұл сот қаулысымен қарастырылмаған. Барлық жұмыстар заңнамаға сәйкес қатаң түрде жүргізілді.»