Шымкентте заңсыз көлік жуу орындары бұзылмақ

69

Шымкентте көлік жуу орындарының иелері өз бизнесінен айырылуы мүмкін. Бұл мәселе жайында кәсіпкерлер қалалық Прокуратура мен Антикорға шағымын жеткізді. Олардың сөзінше әкімдік кәсіптерін рұқсатсыз нарықтан алып тастамақ. Сондықтан кәсіпкерлік палатасында екі жақ кездесіп, мәселелерін талқыға салды.

Бұл бизнесі қыл үстінде тұрған кәсіпкерлердің жанайқайы. Шенеуніктер рұқсатсыз салынған бірнеше көлік жуу орынын жаппақ. Ал бизнес иелері Президенттің жарлығына қарсы шығып, миниторинг жүргізіп, айыппұл салғандардың үстінен шағымданған.

Сакен Әбішев, кәсіпкер: «900 адамды ертең акимат жұмыспен қамти ала ма? Егер ГАСК бәрін жауып тастаса. Одан бөлек автожуғыш зат шығаратын зауыттар бар. Олар бізсіз жұмыс істей алмайды. Себебі біз олардың автохимиясын сатып аламыз. Ол жақта да 200-дей адам жұмыс істейді. Одан бөлек таксистер күніне 2 рет келіп жуады. Бір жуғаны орта есеппен 300 тг болады. Бізді жапса олар бар тапқан табысына көлігін 3000-ға жуа ма? Ертең көлік иелері машинасын жуу үшін Қошқар атаны жағалап кете ме, не істейді?».

Ақтоты Омарбекова, заңгер: «Иә, олар заңды бұзды, иә, құрылыс нысаны рұқсатсыз салған. Бұл жағдайда олардың барлығы 463-бап бойынша жауапқа тартылады. Бұл жаза жеткілікті деп ойлаймын. Кәсіпкерлер туралы 137-бапқа сәйкес, мониторинг жүргізу кезінде мемлекеттік орган анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарады. Егер кәсіпкерлер оны орындамаса, әкімшілік жаза қолданылады. Бірақ, бұл жағдайда оларға тіпті мүмкіндік те берілмеген».

Ал әкімдік бәрі заң шеңберінде жүргізілгенін жеткізді. Олардың сөзінше кәсіпкерлер көлік жуу орындарын салмас бұрын бірінші құжаттарын түгендеу керек болған. Егер құжаты жоқ болса, нысанды сүріп тастауға міндетті.

Бауыржан Аймағамбетов, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары: «Біз барлығын заңға сәйкес келтіру үшін әкімшілік шара қолдандық. Оған қоса бұл қалада рұқсатсыз жаппай құрылыс салуға жол бермеу үшін жасалған шара. Жұмыстарды біз кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз»

Ал кәсіп иелері мұндай жеңіл құрылысқа көп құжаттың қажет еместігіне сенімді. Тіпті бизнес нысанын саларда шенеуніктердің өзі солай айтқан көрінеді. Сондықтан да олар өз арызын антикор мен қалалық Прокуратураға жеткізген.

Жандос Жұмабаев, ҚР СЖҚІҚА Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары: «Жұмыс-жұмыс екен деп бәрін шығара берген дұрыс емес. Кішкене қолдан келгенше көмектесу керек. Прокуратура қызмкеткерімен қазір кеңесіп жатырмыз. Біреудің құжаты бар, енді бірінің құжаты жоқ. Жаңа айтып жатыр бір кәсіпкер Министрліктен шешім алып келіпті. Оны әкімшілік өздеріңіз-ақ мониторинг жасап, министрлікке хат жазып, дайындауларыңыз керек қой».

Нұржан Нұрланұлы, Шымкент қалалық прокурорының аға көмекшісі: «Сотта құжаттарыңыз бар болса, әр тарап өзінің дұрыстығын дәлелдей алады. Дәлелдеуге құқылы, дәлелдеуге міндетті. Сіздер құжаттарыңызды сотқа ұсынсаңыз. Сотқа арыз берілді ма, сотта қаралып жатыр ма? Яғни, сотта шешім шығуы тиіс».

Кәсіпкерлердің көпшілігі көлік жуу орындарын заңдастыра алмаған. Кейбірі әр есікті қағып жүріп, архитектуралық жоспарын жасапты. Десе де оларға әлі күнге бизнесін толық заңдастыру бақыты бұйырмаған. Ол нысандардың бұдан кейінгі жағдайы қалай болары әзірше белгісіз. Бірақ кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалмай сотқа жүгініп, істе жеңіп шығарына үмітті.