«Асыра сілтеп, ақша сұрағандар жазаланады» — Облыс әкімі

фото ТОӘБҚ

Түркістан облысының әкімі мектептегі жөндеу жұмыстарына миллиардтаған қаржы сұрайтындарды сынға алды. Ол бюджетті үнемдеп, тиімді пайдалануды, құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы атқаруды тапсырды. Биыл облыста 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Ол үшін 64 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Мектептердің капремонты проектысын ап келеді. 150 орындық мектепке 1 млрд сұрайды капремонтқа. 600-700 млн-ға жаңа мектеп салып аламыз ғой. Адам кішкене ойлану керек қой сана сезім қосып».

Облыс әкімі қаражатты оңды-солды жұмсайтындарға шүйлікті. Нұралхан Көшеровтің сөзінше, мамандар мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарына миллиардтаған қаржы бөлуге ұсыным береді екен. Қазына қаржысының әрбір тиынына үнемді болуды ескерткен ол, мұндай жобаны жоспарлауда қаржаттық «асыра сілтеуге» жол бергендер жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі: «Заключение есебін беріңіздер, экономияСын шығарыңыздар, өйткені мына құрылыстың бағасы қымбат. Біз қатаңдатылған экономияға көшу керекпіз, болды, басқа жоқ, ол күндер кетті. Судың да сұрауы бар, әр тиынды санап отырамыз. Өйтпесек алдыға шыға алмаймыз. Әр қаржыны тиімді үнемдеп қарап шығу керек».

Жалпы Түркістан облысы бойынша 2025-2027 жылдары 115 мектепке реновация жасау жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, ғимараттар күрделі және ағымдағы жөндеуден өтеді, асхана, кітапхана, спорт зал, сынып бөлмелері жабдықталады, қауіпсіздік жүйесімен, жиһаздармен қамтылады. Бұл үшін 64,3 млрд. теңге қаржы жұмсау жоспарланып отыр.

«Реновацияны жүзеге асыру барысында ғимаратта күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау, асхана, кітапхана, спорт зал, сынып бөлмелерін жабдықтау, жиһаздармен қамтамасыз ету, пән кабинеттермен қамту – осы жұмыстардың барлығы қайта жаңғырту жұмысына енгізілген», — деді Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Жандос Нұрпейісов.

Реновацияға қажет қаражат көлемі 2025 жылы облыстық бюджет есебінен бөлінеді. Ал 2026, 2027 жылдары жаңғыртудан өтуі тиіс 74 мектепке жөндеу жүргізу үшін болжаммен 42,9 млрд. теңгені республикалық бюджеттен шешу жолдары қарастырылып жатыр. 2025 жылға жоспарланған 41 мектептің ішінде ағымдағы жөндеумен 15 мектеп қамтылса, 26 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, облыстағы 1087 мектепте 554 753 оқушы оқып жатыр. Мектептердің 920 мемлекеттік, 167-і жекеменшік білім ордасы.