Шымкентте 4 мыңға жуық адам пробациялық бақылауда. Сан алуан тағдыр, бірақ мақсат бірқалыпты өмірге оралу және бұдан былай заңды бұзбау. Бүгінгі кейіпкеріміз-бұрынғы нашақор және оны тасымалдаушы. Жазасын алған ол енді жаңа өмір бастағысы келеді, заң аясында өмір сүргісі келеді. Бірақ бұл шырмаудан шығу оңай ма?
Бір қателік бүкіл өміріңді құртуы мүмкін. Дәл сондай жағдай бұл жігіттің де басынан өткен. Ол есірткіні тек жасырып кетіп немесе таратумен ғана шектелген жоқ. Талайдың тағдырына балта шапқан уыттың тұзағына өзі де түсті. Бір күні, кәдімгі сауық кеші оның түрмеге түсуімен аяқталды. Қазір ол пробациялық бақылауда, өз өмірін өзгертуге тырысып жүр.
Мұндай оқиғаның құрбандары жүздеп кездеседі. Жастар жеңіл ақшаға алданады, бірақ ақыры – сот, колония, бұзылған тағдыр. Бүгінде пробациялық қызметте 3 990 адам есепте тұр. Олар – екінші мүмкіндікке ие болғандар. Бірақ мамандардың сөзінше, бұл мүмкіндікті барлығы бірдей тиімді пайдалана алмайды.
Жанар Тұрсынқұлова, Шымкент қаласының ҚАЖД Еңбекші ауданының пробациялық қызмет бөлімінің бастығы: «Көбісі ұрлық және басқа да қылмыстар үшін сотталды. Тек соңғы айда біз сотқа 11 адамды жібердік, олар пробацияның барлық шарттарын бұзды, енді олардың бостандығы шектеліп қана қоймай, нақты мерзім күтіп тұр. Мұндай жағдайлар аз болуы үшін біз алдын алу жұмыстарын жалғастырамыз».
Заң мүмкіндік береді, бірақ оны қалай пайдалану – әр адамның өз еркінде. Бірі ескі әдетте арыла алмай, өткен өміріне қайта оралады, ал бірі бәрін түзетуге тырысады. Маңыздысы – дұрыс таңдау жасау. Себебі бір қате қадам сені тұңғиықтың түбіне сүйреп әкетуі мүмкін, ал дұрыс шешім – қайта қатарға қосады. Бір кездері есірткінің шырмауына түскендер де бірі қайта қылмысқа барса, енді бірі жаңа өмір бастап жатыр. Дегенмен екінші мүмкіндік бәріне беріле бермейтінін де ұмытпаған жөн.
Шынар Оразова