Қорғаныс министрімен, Ұлттық гвардия 4300 сарбаздың қатысуымен Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа қарқынды дайындық жүргізуде. Бұл шара Отан үшін жанын қиған бабаларымыздың ерлігін еске алып, жас ұрпақтың патриоттық рухын нығайтуға бағытталған.
Осыған орай, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков мырза жас сақшылармен арнайы кездесу өткізіп, олардың бойындағы отансүйгіштік сезімін арттыруға ықпал етті. Кездесу барысында қазақ халқының қаһармандық тарихы, батыр бабаларымыздың ерлігі және ел қорғаудың маңыздылығы жайында тағылымды әңгімелер айтылып, жастарға рухани азық берілді. Сондай-ақ, жас сарбаздарға отансүйгіштік сезімін тереңірек сіңіру мақсатында “Отан үшін отқа түскендер” атты тарихи фильм көрсетілді.
Бұл фильм 2016 жылы Севастополь қаласында өткен халықаралық кинофестивальде 27 мемлекеттен 150 фильм қатысуымен өткен байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде жауынгерлердің ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілік және халықтың батырлық рухы шынайы әрі әсерлі түрде баяндалады.
Осы іс-шара аясында Қорғаныс министрлігі қызметкерлерімен де кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында әскерилерге де аталған фильм көрсетіліп, олардың жүректерінде ерекше әсер қалдырды. Әскери қызметкерлер бабалар рухына тағзым етіп, бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірді. Жиын соңында Ұлттық гвардия сарбаздары мен әскери қызметкерлерге патриоттық рухты нығайтатын үндеулер айтылып, Жеңістің 80 жылдығына арналған алдағы іс-шараларға дайындық барысы талқыланды.
Бұл бастама – жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялату, олардың әскери тәртіп пен Отан алдындағы жауапкершілігін арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.