2025 жылғы 6 мамыр күні Шардара ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, қоғамдық көлік ретінде пайдалануға арналған жаңа автобустар тапсырылды. Аудандық мәдениет сарайының алаңында өткен бұл мерекелік жиынға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудан прокуроры Алмас Әлі, ауған соғысының ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде бес әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы жергілікті бюджет есебінен субсидияланып, қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілуде. Олар:
1. «Қала-1»
2. «Қала-2»
3. «Қала-3»
4. «Көксу–Шардара–Көксу»
5. «Достық–Шардара–Достық»
Аудан әкімінің қоғамдық көліктерді жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде 10 бірлік қоғамдық көлік жаңартылып, 3 бірлік қоғамдық көлікті маусым айында жаңарту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда солардың алғашқы легі ретінде қалаішілік бағыттарда қызмет ететін 10 бірлік «Газель» маркалы шағын автобустар пайдалануға берілді. Бұл көліктер «Қала-1», «Қала-2», «Қала-3» бағыттарында халыққа қызмет көрсететін болады.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі А.Қарсыбаев жиналғандарды құттықтап, қоғамдық көліктердің кілттерін жүргізушілерге салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібековте мерекелік құттықтауын жеткізді.
Бұл шара – халыққа сапалы қызмет көрсету мен ауданның көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.