Úı ANONS Әкесін ұрып соққан адамның әйеліне қатысты іс тоқтады

Әкесін ұрып соққан адамның әйеліне қатысты іс тоқтады

Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында әкесін ұрып-соғып, қинаған, балағаттаған айыпталушының ісі жарыссөзге жетті. Бүгін сотта оның әкесін қалай қорлағаны туралы видеолар көрсетілді. Ал айыпталушының әйеліне қатысты «Ұрып-соғу» бабымен қозғалған қылмыстық іс қысқарды.

Мұрны мен қабырғасы сынған, денесінің тағы бірнеше жері жараланған. Қорлықпен қаза тапқан қарияның денесінен эксгумациялық тексеру осындай сұмдықтарды анықтаған. Ал Жетісай аудандық соты әкесін ұрып-соғып, қинаған 41 жастағы Алмас Садақбаевтың ісін қарауды жалғастырып жатыр. Онда іске тіркелген құжаттармен бірге  қыркүйек айында әлеуметтік желіде тараған видеолар қаралды.

Сотта айыпталушының екі кәмелет жасқа толмаған баласы бар екені айтылды. Ал таралған видеода анық көрінген айыпталушының әйеліне қатысты «Ұрып-соғу» бабымен қозғалған іс дәлелденбеуіне байланысты қысқарғаны мәлім болды.

НҰРМАХАН ЕЛШІБАЕВ, ПРОКУРОР: «Садақбаевтың айыбы сотқа дейінгі тергеп тексеру кезінде тағайындалған сараптамалармен, сот медициналық, куәлермен дәлелденді. Садақбаев кінәсін толық мойындады. Эксгумация кезінде, атап айтқанда мұрын, дене жарақаттары, қабырғалары, мұрны сынғаны анықталды».

Өткен жылдың қыркүйек айында қарт мүгедек әкесін ұрып-соғып жатқан видео тарап, әлеуметтік желіні шулатқан. Содан кейін ұрған адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал қарияның қайтыс болғаны хабарланған. Тергеу амалдарына байланысты марқұмның қабірі қазылып, эксгумация жасалған. Видеоны көрші үйдің қыздары жасырын түсіргені белгілі болды.

Жәбірленуші ретінде танылған айыпталушының інісі оларды жауапқа тартуды сұрады. Сот оның талабын қараусыз қалдырды. Айта кетейік, сот тергеуі аяқталды. Судья жарыссөзді прокурордың уақыт сұрауына байланысты 14 қаңтарға қалдырды.

Дилара Иса