Түркістанда шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жалғасып жатыр

Түркістан облысында шіркейге қарсы дәрілеу жүріп жатыр. Аймақта шіркейдің көбеюіне байланысты арнайы штаб құрылған. Шіркей әсіресе Түркістан, Арыс қаласы мен Шардара, Сауран, Отырар ауданындағы Сырдария өзенін жағалай орналасқан ауылдарда көбейген. Мамандар шіркейдің санын азайту үшін химиялық және биологиялық препараттар қолданып жатқанын айтады.

Түркістан облысындағы Сырдария өзенін жағалай орналасқан ауылдарда көбейген шіркейге қарсы дәрілеу жұмысы жалғасып жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, мамандар шіркейге қарсы химиялық әрі биологиялық препараттарды қолданады. Бұл экологияға зиян келтірмейді, тек зиянкестердің санын азайтады деп сендіреді мамандар.

Мамандар дәріні Сырдария өзені мен Көксарай қоймасындағы судың көлеміне қарай есептеп қосатынын айтады. Биылғы жылы өзенді дәрілеудің арақашықтығы жиілеген. Шіркей дернәсілдері шоғырланған аумақта дәрінің мөлшері көбейтілген. Жауаптылар, айтулы жұмыстың нәтижесінде Сырдария өзенін жағалай орналасқан ауылдарда шіркей саны азайды деп отыр. Мұны жергілікті тұрғындар да растайды.

Хайрулла Аймырзаев, Көксарай ауылының тұрғыны: «Шіркей» деген чат ашқанбыз. Сол жерде бүкіл халық бар. Осы сырдың бойындағы алты ауыл соған тіркелген. Қай ауылда қандай болып жатқанын үш жыл бойғыны айтып жатырмын ғой. Соның екі жылы нәтижесіз болды шынын айту керек. Биылғы нәтиже өте үлкен».

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазір Сырдария өзенінен 20-50 шақырым алыста орналасқан ауылдарда шіркей жоқ. Ауа-райы мен өзеннен келген шіркей санына қарай су бойындағы ауылдар жеке дара қаралады және соған қарай дәрілеу жұмысы жүреді. Шіркейге қарсы дәрілеумен екі компания айналысады. Оларға ғылыми сүйемелдеу тобы көмектеседі.

Жанәділ Айтбеков, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары: «Залалсыздандыру жұмыстарына 15 техника 9 қайық 20-дан аса адам жұмылдырылған. Биологиялық залалсыздандыру жұмыстарының ерекшеліктеріне келетін болсақ, өткен жылмен салыстырған кезде біз дәрі құю орындарын нүктелерін бір біріне жақындаттық. Химиялық залалсыздандыруға келетін болсақ бізде 15 секторға бөлінген, әр сектордың өз мамандары бар. Залалсыздандыруға қажетті дәрінің бәрі жеткілікті».

Дәрілеу жұмысының басталғанына айға жуықтады. Қазір Түркістан, Арыс қаласы мен Шардара, Сауран, Отырар ауданындағы Сырдария өзеніне жақын орналасқан ауылдарда тұрақты жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының соңында Сырдария өзені бойынша орналасқан ауыл тұрғындары шіркей қаптап, жем болып жатқанын айтып шағымданған. Олар қаптаған шіркейден далаға шығудан қалдық деген болатын. Мамандар да биыл шіркей өткен жылдармен салыстырғанда көбейгенін мәлімдеген.