Санитарлық аймақты дәрілеу басталды

489
Санитарлық аймақты дәрілеу басталды

Биыл Оңтүстікте конго-қырым қанды қызбасына қарсы төрт түлікті залалсыздандыруға дәрі-дәрмек әлі бөлінген жоқ. Соның салдарынан болса керек, өңірімізде кенеге таланғандардың саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда екі есеге көбейген. 1600-ден астам адамды қауіпті жәндік шағыпты. Енді тұтынушылар құқын қорғау басқармасы тарапынан елдімекендердің санитарлық қорғау аймағы дәріленіп жатыр.

Санитарлық аймақты дәрілеу басталды

14 сәуірде басталған шараға республикалық бюджеттен 24 млн теңге бөлінді. Осы қаржыға 110 елдімекендегі 3600 гектар алқап залалсыздандырылуы тиіс. Бүгін сала мамандары Жаңаталап елдімекенінің санитарлық қорғау аймағын дәрілеуге келді. Үстеріне арнайы киім киген бригада делтеметрин және полисар препаратын септі. Айтуларынша оның қауіпті жәндікті жоюға әсері жақсы

Шымкент – кенеге тұрғындары көп таланған аумақ бойынша облыста көш басында. Қанды қызбаға қарсы зертханада тексеріліп, қауіпті делінген 59 кененің бірі осы Шымшаһардан табылған. Сол себепті қала тұрғындары санитар мамандардың жұмыстыры нәтижелі болса дейді.

Жоспарланған 110 елдімекеннің бүгінде 82-сінде жұмыс аяқталған. Ол аумақ 2400 гектарды құрайды. Десе де дәрігерлер елдімекендердің санитарлық қорғау аймақтарын, қора-қопсылар мен малды бір мезгілде дәрілеген әлдеқайда тиімді болар еді дейді. Өкінішке қарай, өңірде төрт түлікті залалсыздандыру ісі әлі басталмады.

Нұрлан Жаңабай