Әрбір екінші, үшінші бала балабақшадан шет қалған

Мәжіліс депутаттары мектепке дейінгі білім беру туралы жеке заң жобасын қабылдауды ұсынды. Олардың сөзінше, бұл сала қалыптан шығып кеткен. Маңыздылығы мен ерекшелігін көрсететін әдіс-тәсілді қажет етеді. Мысалы, бірыңғай тамақтану стандарттарының болмауы, ескірген бағдарламалар, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, ата-аналар мен қызметкерлердің арасында жиі кездесетін мәселелер. Бұл проблеманың бір жағы ғана. Депутаттар мектепке дейінгі білім қолжетімді, сапалы әрі заманауи болуы керек деп санайды.

Депутат Ажар Сағандықова Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласына реформа қажет екеніне сенімді. Бүгінгі таңда бұл сала «Білім туралы» заңмен жұтылып кеткен. Бірыңғай стандарттар реттелмеген. Айталық, тамақтану жайы үлкен мәселе. Мысалы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан балабақшаларда берілетін қанттың мөлшері екі есе көп. Сатып алынған өнімдердің сапасына байланысты ас мәзірі іс жүзінде әртүрлі.

Ажар Сағандықова,Мәжіліс депутаты: «Жеке мысалымда айтқым келеді. Немеремнің балабақшаға баруын талап еттім. Бірақ немеремде аллергия пайда болды. Қазір оны балабақшаға алып баруға қорқамын. Өйткені онда тамақтану нормалары жоқ. Мәзірді аспаздар емес диетологтар жасауы керек. Баланың ерекшелігіне қарай әр үстелдің ас мәзірі әртүрлі болғаны абзал. Өйткені бір балаға тәтті ұнауы мүмкін, екіншісіне қант ұнамайды».

Ажар Сағандықованың ұсынысымен әріптестері де келіседі. Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ісінде реформа жасауға тіпті кешігіп қалдық. Сонымен бірге жекеменшік балабақшаларға қолдау қажет. Олар қазір мектепке дейінгі тәрбие ісінде орын жетіспеушілігі мәселесін шешіп отыр. Депутаттар бұл саладағы жобаны қолдауды, сондай-ақ қолданыстағы бағдарламаларды қайта қараудың уақыты келді деп санайды.

Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты: «Күн сайын ата-ана баласының балабақшаға келген, келмегенін бақылап отыруы керек. Бала ұйықтап қалса, не әжесінің үйіне қыдырып кеткен болса, сол күнге бала үшін төленетін ақша балабақшаға түспейді. Дегенмен балабақша жұмысын тоқтатқан жоқ. Онда жарық жанып тұр. Адами қарым-қатынастарды тауарлық-ақшалай қаражатқа қалай аударуға болады?».

Мамандардың пікірінше, кадр мәселесі де өзекті. Көбіне тәрбиешілер мен күтушілер ескірген бағдарламалар бойынша жұмыс істейді. Заманауи қайта даярлаудан өтпейді. Сарапшылар балалар көптен бері өздеріне ұсынылған ойындарды ойнамайтынын айтады. Ал балаларды дамыту бағдарламаларында балалардың нақты қызығушылықтары мен жас ерекшеліктері ескерілмеген.

Гүлнәр Омарова,  Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі: «Осы кезде баланың қандай білім мен дағдыларды үйренуі керек екеніне аса көңіл бөлу керек. Бұл туралы негізгі бағдарламалар бекітілуі қажет. Меніңше, стандарттар ескірген. Кейбір жастағы балалар мына ойыншықтармен ойнауы керек. Бірақ қазір балалар мұндай ойындарды ойнамайды».

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі өте төмен. Балалардың үштен бірі ғана балабақшаға барады. Балаларды қамту жағынан алда тұрған аймақтардың өзінде әрбір екінші бала мектепке дейінгі тәрбие жүйесінен тыс қалған. Депутат Ажар Сағандықова балалар тегін кепілді орта білім алумен бірге, тегін кепілді мектепке дейінгі білім алуға да құқығы болуы тиіс дейді.

Дилара Иса