Алаяқтыққа байланысты ҚР Бас прокуроры Шымкентте құқық қорғау органдарынан нақты әрі жедел түрде әрекет етуді талап етті. Құқықтық саясат – құр ұран емес, ел тыныштығының темірқазығы екенін еске салды. Жыл басынан бері тіркелген 508 қылмыстың 40 пайызы алаяқтыққа тиесілі. Алаяқтар бұрынғыдай базарларда емес, енді әлеуметтік желіде де өріп жүр. Шымкенттік азаматтың 7 миллион теңгесін ұрлап кеткен интернет-алаяқ – соның айғағы. Бұл бір ғана мысал емес. Жуырда ғана шымкенттік зейнеткер бүкіл жиған тергенін алаяқтардың шотына аударып берген еді. Шымкенттік құқыққорғаушылардың қырағылының арқасында алаяқтар тез арада құрыққа ілікті. Ал мұндай жағдайлар бір емес, жүздеп тіркелуде. Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, тіркелген қылмыстардың 216-сы бұрынғы жылдарда ашылмаған істер.
Қаланың құқықтық күресін қиындатып тұрған тағы бір сала – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Былтырғымен салыстырғанда мұндай оқиғалар 6 есе көбейген: 14-тен 91-ге жеткен. Яғни, әр отбасындағы дау – қоғам тыныштығына төнген қатер. Осындай кезде бізде ең маңызды сұрақ туыңдайды: әйелдердің құқығы қорғала ма, әлде бұл тек ел ауызыңда қалған жай ма? Әйел баласына қол көтеру – аса ауыр және қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе. Осыны ұғындыру үшін полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Екі жұбайлардың құқығы мен рөлі әрқашан тең екенін ұғындыру – басты міндет.
Құқықтық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – есірткімен күрес. Шымкент полициясы жыл басынан бері 158 кг есірткі затын заңсыз айналымнан алып тастап, үш жасырын лабораторияны әшкерелеген. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ тамырын тереңге жіберген қауіп. Есірткімен күрес тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ұжымдық ісіне айналуы тиіс.
ІІМ биылғы 2025 жылды «Превенция жылы» деп жариялады. Министр Ержан Саденов құқықбұзушылықтың алдын алу – жазалаудан маңыздырақ екенін баса айтты. Шымкент қалалық полиция департаменті де бұл бағытта жұмысты күшейтті: құқықтық сауаттылықты арттыру, жедел әрекет ету, бейнебақылау жүйесін дамыту – бәрі де қылмыстың алдын алу үшін жасалып жатқан жобалар мен іс-шаралардың ең маңызды бөлігі.
Құқықтық саясат – мемлекеттің арқауы. Ал оны іске асыру – бір күннің емес, жүйелі еңбектің жемісі. Егер әр азамат осы мәселені шешуге қол ұшын созса, жақын арада оны түп-тамырымен жойып, тыныш өмір сүретін боламыз. Уақыт көрсетеді – дұрыс бағытта атқарылған жұмыс өз жемісін береді.
Жанна Құрманбекова







