Компаниялар қызметкерлерін оқыту мен қолдауды азайтты

Қазақстанда қызметкерлерді ұстау айтарлықтай қымбатқа түсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы жұмыс берушілердің қызметкерлерге жұмсаған шығыны шамамен 12% — ға өскен. Негізгі шығындар әлі де жалақыға кетеді.

Сонымен бірге міндетті аударымдар да артады. Сондықтан компаниялар ерікті шығындарды қысқарта бастады. Мысалы, оқыту, корпоративтік іс-шараларды өткізу және қызметкерлерді қолдауды азайтқан. Ал сарапшылар егер мамандарды дамытуға инвестиция салынбауы қауіпті дейді. Бұл алда білікті мамандардың тапшылығына және экономикалық өсу қарқынының төмендеуіне алып келеді.

Жұмыс берушілердің жұмысшыларды ұстауға жұмсайтын шығындары айтарлықтай өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы компаниялар бұл үшін 21 триллион теңгеден аса қаражат жұмсаған. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Шығындардың негізгі бөлігі — жалақы. Оның өсуі де шамамен 12 пайызды құраған. Жоспардан тыс және ерікті шығындар, керісінше, азая бастады.

Ләззат Сайлауқызы, Ұлттық статистика бюросы басқармасының басшысы: «Жұмыс беруші шығындарының 37 пайызы жұмыс күшін пайдалануға байланысты салықтарға төленеді. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік қорғауға арналған шығыстар 16 пайызға, салықтар 7 пайызға өсті. Оқу шығындары екі есеге, ал мәдени іс-шараларға жұмсалатын шығын 20 пайызға төмендеген».

Мамандардың пікірінше, жұмысшылардың шығындары компания кірісінен асып кетуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорындар шығындарды қысқартады. Одан бөлек жұмысшылардың жалақысы төмендегенін макроэкономикалық есептеулер көрсеткен. Бірақ кәсіпорындардың кірісі, керісінше, өскен.

Жәнібек Айғазин, AERC бас директоры: «2000 жылы жалақы, еңбекақының, жұмысшылардың кірісінің үлесі жалпы ішкі өнімнің 36 пайызын құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызға түсті. Корпорациялардың кірісі, жалпы аралас кірістер, бизнес кірістері және инвестициялардың үлесі 54 пайыз болса, қазір 61 пайызға жетті».

Сарапшылардың пікірінше: мұның бәрі жалақыға салмақ салады. Шын мәнінде, барлық салық және құрылымдық реформалар жұмысшылардың есебінен төленеді. Ал барлық компаниялардың өз қызметкерлерінің дамуына инвестиция салуға шамасы жоқ.

Сонымен қатар, сарапшылар соңғы жылдары жұмысшы кадрлардың тапшылығы қатты сезіліп тұрғанын атап өтті. Кей жағдайларда кәсіпорындар шетелдік мамандарды тартуға мәжбүр.