Қазығұртта Абай Құнанбаевтың шығармалары дәріптелді

фото ҚАӘБҚ

Абай Құнанбаев — қазақ жазба әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар өшпес тұлға. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің даму жолында айрықша орын алады. Қай шығармасын алып оқысақ та, адамға ой саларлық терең мағынаның жатқанын байқаймыз. Қанша уақыт өтсе де, ұлы ақынның мұрасы еш уақытта өз маңызын жоғалтқан емес.

Ақын өлеңдерінің басым көпшілігі оқу-білім, ғылым тақырыбына алтын арқау болып өрілген. Өз заманындағы халықтың надандығы мен сауатсыздығына күйіне отырып, ішкі жанайқайынан туған ойларды Абай өлеңдерінде шебер суреттей білген.
Ұлы ақын бала тәрбиесіне, жалпы бала болмысына, қарттар мен қариялар¬дың танымдық ерекшелігіне қатты көңіл бөлген.

Сондықтан ол:
Адамның бір қызығы– бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім, – дейді.
Абай өмір жолын тануды білімге, ғылымға негіздеу керек дейтін қағиданы ұстанады:
…Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз.

Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Абайдың шығармашылығын қанша дәріптесе де артық болмайды. Қазығұрт жұрты мұны жақсы біледі және толық сезінеді. Биыл Ұлы ақынның туғанына-180 жыл. Осындай мерейтойға орай Түркістан облысына қарасты “Қазығұрт ауданы мәдениет сарайы” МКҚК-на қарасты Қақпақ ауылдық мәдениет үйінде, «Асыл сөзді іздесең- Абайды оқы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Рухани іс-шара ұлы ақынның ғұмыры мен шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау, Абай әлемінің тылсым сырларына назар аударту, сөз патшасы — өлең құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңіру, ой — қиялын поэзия әлеміне енгізу, қара өлеңдерін насихаттау және білім-ғылымға баулуды мақсат тұтқан.

Берері мол кеште сөз алған ауылдық әжелер алқасының төрайымы, қазақ тілі, әдебиет пәнінің зейнеткер ұстазы Сәрсенбаева Ұлбосын Әйметқызы «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»- деген пікірін айтып өтті.

Кеш барысында мәдениет үйінің қызметкерлері мен көркемөнерпаздар үйірмесі өнерпаздарының орындауында Абайдың өлеңдері мен әні шырқалды.
Абай өлеңдерімен сусындап, білім қуып, талмай еңбек етсек, бәсекелестік қайнап тұрған заманда «мыңды» жеңетінімізге сөзсіз.